Қытайға бидай экспорты артуы мүмкін – Сапархан Омаров

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Астық сапасының жоғары болуынан Қытайға бидай (HI-Pro) жөнелтілімі артуы мүмкін. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шарушалығы министрі Сапархан Омаров айтты.

Астық жөніндегі халықаралық кеңес Қазақстанда 17,7 млн тонна көлемінде астық жиналады деп болжауда, біздің бағалауымыз бойынша өнім 18 млн тоннаны құрайды. Астық жөніндегі халықаралық кеңестің бағалауы бойынша әлемде бидай өндіру көлемі 763,3 млнтоннаны (2019 жылы – 762,2 млн тонна), оның ішінде Қазақстанда 12,4 млн тоннаны (2019 жылы – 11,5 млн. тонна) құрайды. Жаңа маусымда қазақстандық бидай мен ұнның негізгі жеткізілімдері дәстүрлі түрде Орта Азия елдері мен Ауғанстан нарығына жолданатын болады. Астық сапасының жоғары болуынан Қытайға бидай (HI-Pro) жөнелтілімі артуы мүмкін, - дейді Сапархан Омаров. 

Биылғы жылы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің көптеген өтініштері бойынша азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды.

Оны өткізу үшін республикалық бюджеттен 24,5 млрд теңге бөлінді.  Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің кепілмен қамтамасыз етуге қатысты қиындықтарын ескере отырып, форвардтық сатып алу әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың кепілдігімен жүзеге асырылды, 516 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуға келісімшарт жасалды. Нарықтағы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, «Азық -түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ бидайды сатып алу бағаларын сапасына қарай 83-87 мың теңге дәлізінде, 4-сыныпты бидайға - 78 мың теңге, 2-сыныпты арпаға - 50 мың теңге деңгейінде белгілеуді ұсынады, -дейді министр. 

Ведомство басшысының айтуынша, форвардтық мәмілелер бойынша күнбағыс пен қарақұмықтың сатып алу бағалары осы дақылдарды жинау аяқталған кезде кейінірек белгіленетін болады. Бұл ретте сатып алу бағасын белгілеу кезінде отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдаудан басқа ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі де ескерілді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы