Ыстық суға зар болған Талдықорған

Қала тұрғындары ала жаздай «ай қараған» қала әкімдігіне наразы. Шаһар басшысы мердігердің мимырт тірлігін кінәласа, көпқабатты үй иелері балаларының берекесі кетенін айтуда, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Баласына алаңдаған ата-ана

Міне, 2 аптаға жуық уақыт өтті шағын шаһар ыстық сусыз отыр. Күздің салқыны дендеп барады, ата-аналар балаларының тастай суға жуындыруда. Болашақ шағынауданының бір топ ата-аналарға бізге хабарласып, осы мәселені ілікке алуымызды сұрады.

Дәл оқу басталғанда қала әкімнің бұл әрекеті миға сыймайды. Былтыр тамызда күннің жылы кезінде қысқа дайындық жүргізетін еді. Оның өзі 1 аптадан ары аспайтын. Міне, он күннен асты балаларымызды арнайы монша жалдап, суға түсіріп жүрміз. Күнде суып кетті. Түнде тіпті қиын. Қырқүйектің аяғына дейін бітсе жақсы енді, - дейді қала тұрғыны Әлия Жанпейісова.

Жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек, мердігер компания жаз бойы қол қимылдатпаған. Былтыр тамызға дейін ыстық судың қысымын тексеріп, қалың қысқа дайындықты бастап кететін. Температураны реттеу оңай шаруа емес, кейбір жылу желілерінің ескіргені де белгілі. Сондықтан жұмыстың ұзаққа созылуы мүмкін. Оны қала басшысы Ернат Бәзіл де мойындап отыр.

Негізі көктемнің ортасында мердігер іске кірісіп, күзге дейін берілген жұмысты аяқтауға тиіс еді. Көріп отырсыздар, міне, мамыр, маусым, шілде, тамыз бойы ешқандай жұмыс атқарылмады. Әрине, біз алтын уақыттымызды ұрлатып алдық. Көпке белгілі, жылда дәстүрлі түрде ыстық су тамыз айында сөніп, жылыту маусымына дайындық жүргізілетін. Әйткенмен, биыл біз оны бүгіннен бастауға мәжбүрміз. 21 күн деп әдейі артығымен алып отырмыз, бірақ екі аптадан кейін ыстық суды кезең-кезеңімен беруді бастаймыз, - дейді шаһар басшысы Ернат Бәзіл.

Оның айтуынша, алғашқы кезеңде жауапты мамандар облыс орталығының жаңа және орталық ықшам аудандарында су беруді ойлап отыр. Жұмыс аяқталған жерлерді ретке келтіріп, тұрғындарға ретімеү ыстық су беріле бермек. Содан кейін қала шеткі аудандарына үлестіреді

«Мұрынын шүйірген» мердігер

Менменсоқ мердігерлердің әнтек әрекетінен іс насырға шапқан. Бізге қала әкімдігіндегі жауапты мамандар коммуналдық кәсіпорын басшылары ыстық судың кешігуінің өзіндік себептері бар екенін түсіндірді.

Талдықорған қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алмас Барлыбековтің айтуынша, ыстық суға қастысты конкурстық шаралардың уақытында өткенмен, сынға түскен мердігерлер арасында өзара дау-дамай болған. Сондықтан жұмфс ұзаққа созылған.

Шыны керек, осындай түйткілді алдын ала сезгендей конкурстық шараны мерзімінде өткізген едік. Әйткенмен, шарт бойынша конкурстық шаралар екінші рет ойнатылмады. Оған себеп, конкурсқа қатысқан мердігер мекемелер өзара келіспей, бір-біріне арызданды. Сол себепті, конкурстық шаралар уақыты ұзаққа созылып кетті. Қосалқы станциялардың жай келуіне байланысты біз осындай ұзақ уақытқа, яки 22 күнге өшіруге мәжбүр болдық. Қазір жұмыстар жүйелі түрде жүріп жатыр, - дейді Алмас Барлыбеков.

Қала әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Талдықорғандағы жылу құбырларының жалпы ұзындығы – 179 шақырымды құрайды. Өкінішке қарай, осы уақытта оның 62 пайызының тозығы жеткен. Ал, осы жылы соның 7-ақ шақырымына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылы торабы толық жөнделу үшін әлі біраз жұмыстар істелуі керек. Оның үстіне қала аумағы жыл сайын кеңіп, қысым да артып келеді. Бүгінде Балпық би мен Жансүгіров, Желтоқсан мен Уәлиханов атындағы көшелерінің бойында ескі тораптарды үлкен диаметрлі құбырларға ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр.

Осы ретте тағы бір мәселенің шеті шығып тұр. Қараңыз, жылу желілеріне үңілсеңіз 4 мың кВА трансформаторды көресіз. Осы сәтте сол трансформаторды қайта жаңартып жасап жатырмыз. Алдағы уақытта мұның орнына қуаты үлкен 6300 кВА трансформатор қойылатын болады. Егер бәрі біз ойлағандай болса, қыркүйектің аяғына қарайжоспарға сай кезең-кезеңімен ыстық су беріледі, - дейді коммуналдық кәсіпорын басшысының орынбасары Дидар Сапиров.

Иә, өңірде жылу қазандықтары да ескірген. Жалпы, республика көлемінде жылу желілері тозған қалалардың ішінде Талдықорған да бар. Жыл сайын осындай ағымдағы жұмыстар жүріп тұрады. Дегенмен, жылу құбырлары толықтай күрделі жөндеуді қажет етеді.

Екібастұздағы жағдай еліміздің әр өңірінде қайталануы мүмкін. Сондықтан күннің жылысында жылу қазандықтарын тексеріп, құбырларды үлкен қысымға шыдай ала ма соны аңғару керек. Біздікілер осылай қыс тақалғанда апыл-ғұпыл жұмыс істейді. Ала жаздай не бітіргенін білмеймін, енді мердігерді кінәлап отырмыз. Көпбалалы ата аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қиын, күнде салқындап кетті. Әкімдік әр нәрсені бір шалып, сылтау айтады әдеттегідей, - дейді зейнеткер Шәріп Бейісбайұлы.

Қалада 100 шақырымнан астам жылу құбыры әлі де ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Әзірге, қыстан жылдағыдай үреймен өтеміз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы