10 Қараша 2026, 10:39 Фото: видеодан алынған кадр

Ыстық су да, суық су да лай: Алматыдағы тұрғындар көмек сұрады

Алматы қаласындағы «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешенінің тұрғындары ыстық және суық судың сапасына шағымданды. Олардың айтуынша, пәтерлерге келетін су үнемі лайланып ағады. Бұл мәселе бойынша тиісті мекемелерге хабарласқанымен, әзірге нәтиже болмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тұрғындардың шағымы әлеуметтік желіде жарияланды. Олар жылу желілері мен пәтер иелері кооперативіне бірнеше рет жүгінгенін, алайда мәселе әлі шешілмегенін жеткізген.

Осыған байланысты Наурызбай ауданының әкімдігі түсініктеме берді.

Әкімдік мәліметінше, тұрғын үй кешеніндегі ыстық сумен жабдықтау сапасын жақсарту мақсатында 2026 жылғы 9 қарашада «Алматы жылу желілері» ЖШС магистральдық жылу желілерін шаю жұмыстарын жүргізуді жоспарлаған.

Сонымен қатар мамандар ыстық судан сынама алып, зертханалық тексеру жүргізеді. Зерттеу барысында судың сапасы мен оның белгіленген санитариялық талаптарға сәйкестігі анықталады.

Зерттеу нәтижесі әзірге жарияланған жоқ.

Тағы оқи отырыңыз: Алматыда ыстық судың сапасы нашарлады: Тұрғындар әкімдіктен мәселені шешуді талап етті