Ыстанбұлда «Жаңа Қазақстан» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ыстанбұлдағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығы «Avrasya Bir» түрік қорының қолдауымен Қазақстан достарының кездесуін өткізді.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Түркияның алғашқы және ең іргелі сараптама орталықтарының бірі саналатын Еуразия стратегиялық зерттеулер орталығында (ASAM) өткен шараға Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел, «Avrasya Bir»қорының президенті Шабан Гүлбахар, ғалымдар мен зерттеушілер, үкіметтік емес ұйымдар, сараптамалық орталықтар және БАҚ өкілдері қатысты.
Бас консул кездесуде Қазақстанда жүзеге асырылуы жоспарланған реформалар туралы мәлімет бере отырып, еліміздің алдағы кезеңге үлкен үмітпен қарап отырғанын атап өтті. Ол Қазақстан билігінің сындарлы және көпвекторлы сыртқы саясатты ұстана беретінін атап өтті. Осы ретте Түркия және Түркі әлемімен қарым-қатынастардың басымдықтардың бірі екенін айтқан Ә. Байел қазақ-түрік ынтымақтастығында қол жеткізілген табыстар мен Түркі мемлекеттерінің ұйымы аясындағы соңғы қадамдарға тоқталды.
Жиынға қатысушылар Қазақстанның 30 жылда толайым табыстарға жетіп, тәуелсіздігін нығайтқанын айтты. Әйгілі тарихшы, профессор Ахмет Ташағыл қазақ халқының түркілік қасиеттерді сақтап қалғанын, ал Қазақстанның күллі Түркі әлемінің қара шаңырағы екенін еске салды. Қазақстанның бейбіт және салиқалы сыртқы саясатын ерекше атап өткен қатысушылар бұл стратегия жаңа кезеңде де жалғасын табады деген сенім білдірді.
Өз кезегінде «Avrasya Bir» қорының президенті Ш. Гюльбахар Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан Түркі әлемі жаңа кезеңде сындарлы рөл атқару үшін бірлік пен ортақтаса жұмыс істеудің қажет екенін мәлімдеді.
Екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық әріптестік деңгейінде дамып жатыр. Екіжақты сауда көлемі 2021 жылы 4,1 млрд АҚШ долларға жеттіп, мұның тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіш болды. Осы ретте Түркия Қазақстанның сауда серіктестері арасындағы 9-шы орыннан көтеріліп, Ресей, Қытай, Италия және Нидерландыдан кейінгі 5-ші орынды иемденіп отыр.
Сонымен қатар, соңғы үш жыл қатарынан Түркия Қазақстанға салған тікелей шетелдік инвестиция бойынша рекорд жаңартып келеді. 2019 жылы 358 млн АҚШ доллар, 2020 жылы 363 млн АҚШ долларды құраған инвестициялар 2021 жылдың алғашқы 9 айында ғана 535 млн АҚШ доллар деңгейіне жеткен.