Ыстанбұлда Қазақстанның инвестициялық және экспорттық әлеуеті таныстырылды

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сапиев Ыстанбұл қаласында 50-ден астам ірі түрік іскерлік топтарының қатысуымен ұйымдастырылған конференцияда Қазақстан Үкіметі тарапынан инвестициялық ахуалды одан әрі жетілдіру мақсатында қабылданып жатқан жаңа шаралар туралы баяндады.

Атап айтқанда, өңірлерде инвестиция тартуды ынталандыру, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жеңілдету, шетелдік инвесторлардың қаржы көздеріне қолжетімділігін кеңейту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.

Осы ретте, іс-шара барысында Alarko Холдингтың Бас атқарушы директоры орынбасары Аббас Шахин:

«Қазақстан өзінің шетелге ашық есік саясатын табысты жүзеге асырғандығын, ел экономикасының тұрақты өсу көрсеткіштерін көрсетіп келе жатқандығын атап өтіп, Холдинг бүгінгі күнге дейін Қазақстанда 2,6 млрд АҚШ доллары шамасында 18 мердігірлік жобаны іске асырғандығын және алдағы 5 жылда агроөнеркәсіп секторына 650 млн АҚШ долларына инвестиция салуды жоспарлап отырғанын» жеткізді.

Сонымен қатар, Iskefe Холдингтың СЕО-сы Юсуф Айдемир Орта Азиядағы тұңғыш желатин өндірісі жобасын Алматы қаласында іске асырып жатқандығын және Қазақстанда тері өңдеу жобасына инвестиция салуды жалғастыруға мүдделі екендіктерін жеткізді.

Аталған іс-шараға Қазақстанда инвестициялық жобаларды табысты іске асырған Yildiz Holding, Abdi Ibrahim, MFA Maske, Borusan Holding, YDA Holding сияқты компаниялардың басшылары қатысты. Сондай-ақ елімізде қазіргі таңда инвестициялық жобаларды іске асырып жатқан Eczacibasi Holding, Tiryaki Holding, Betek Boya, Er-Bakır, Bayteks Teknik Tekstil, Orzax компаниялары да қатысты.

Сонымен қатар, әлеуетті жобаларды пысықтап жатқан Fatinoglu Holding, Albayrak Grubu, Calik Holding, Mescier Group, Tumad Madencilik, Koruma Group, Fitpack Ambalaj сияқты басқа да ірі іскерлік топтардың басшылары да қатысты.

Конференция нәтижесі бойынша түрік инвесторлары Қазақстан билігі тарапынан елдегі инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін қабылданып жатқан шараларды жоғары бағалап, елімізбен инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендіктерін растады.

Іс-шараға қатысқан түрік инвесторлары тарапынан Қазақстанда 2024-2026 жылдар аралығында глютен және крахмал өндірісі, жылыжай құрылысы, лак-бояу өндірісі, мыс сым өндірісі, техникалық текстиль өндірісі, ванна мен душ кабиналар өндірісі және тағы басқа да жаңа инвестициялық жобалардың іске асырылуы жоспарлануда.

Конференция соңында Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл түрік инвесторларымен өзара байланыстардың одан әрі нығаятындығын және шетелдік мекеме тарапынан тиісті қолдауларды көрсетуге дайын екендігін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы