26 Қазан 2026, 16:49 Фото: pixabay.com

Ыстанбұлда қазақстандық әйелдің жұмбақ өліміне байланысты екі адам ұсталды

Полиция қайғылы оқиғаның мән-жайын, оның ішінде қыздың шатырға қалай шыққанын анықтап жатыр.

Түркия полициясы Ыстанбұлда ғимарат шатырынан құлап қаза тапқан 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың өліміне байланысты екі адамды ұстады. Олардың арасында марқұммен бірге тұрған көршісі мен оның сүйіктісі болуы мүмкін ер адам бар. Бұл туралы DHA агенттігі хабарлады.

Ұсталғандар – Ресей азаматы, 22 жастағы Дарья Б. және 35 жастағы дүкен иесі Мазхар Т. Әзірге олардың Айсұлудың өліміне қатысы бар-жоғы белгісіз.

Түрік журналистері қазақстандық әйелдің қазасына аз уақыт қалғанда түсірілген фотосуретті жариялады. Суретте қыз көрші ғимараттың шетінде отырған. Оны марқұммен бірге тұрған көршісі түсіргені анықталды.

Дарья полицияға берген жауабында таңғы сағат 08:15 шамасында құрбысын шатырдан көріп, кері қайтуын өтінгенін айтқан. Алайда Айсұлу бас тартып, көршісіне ұйықтай беруін ұсынған.

DHA

Кейін Дарья қатты музыканың дауысынан оянып, бөлмеде құрбысының жоқ екенін байқаған. Сыртқа қарағанда, көрші ғимараттың шатыры бүлінгенін көріп, төменде қимылсыз жатқан Айсұлуды байқаған.

Тергеушілер қыздың өліміне дейін оның сүйіктісі болуы мүмкін ер адаммен кездескенін де анықтаған. Ер адамның айтуынша, Айсұлу оның үйіне таңғы сағат 05:30 шамасында келіп, 07:40-та кеткен.

Қазір полиция қазақстандық әйелдің шатырға неліктен шыққанын және құлау алдында не болғанын анықтап жатыр.

Еске салайық, қайғылы оқиға 25 қазан күні таңертең Ыстанбұлдың Шишли ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Айсұлу Бекмаханова алтыншы қабаттағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өткен. Кейін ол берік емес конструкцияны басып, төменге құлап кеткен болуы мүмкін. Қыз оқиға орнында көз жұмған.