26 Қазан 2026, 15:51 Фото: pixabay.com

Балконнан шатырға шыққысы келген: Ыстанбұлда қазақстандық әйел жұмбақ жағдайда көз жұмды

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ыстанбұлда отандасымыздың қайтыс болғанын растады. Дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ыстанбұлда қазақстандық азаматтың қаза тапқанын растады. Бұған дейін қайғылы оқиға туралы түрік БАҚ-тары жазған болатын.

DHA агенттігінің мәліметінше, оқиға 25 қазан күні таңертең Ыстанбұлдың Шишли ауданында болған. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, қыз алтыншы қабаттағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өтпек болған. Алайда тенттің үстіне басып, төменге құлап кеткен. Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері оны аман алып қала алмады.

Түрік агенттігінің хабарлауынша, марқұмның есімі – Айсұлу Бекмаханова. Ол Түркияға қыркүйек айында туристік визамен келген.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қазақстандық дипломаттардың марқұмның туыстарымен байланыста екенін және оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді.

Түркияның құзырлы органдары тергеу жүргізіп жатыр, оқиғаның мән-жайы анықталуда. Бұл мәселе ҚР Сыртқы істер министрлігінің бақылауында, – деді ведомство.

Қазақстандық азаматтың өліміне қатысты себептер мен мән-жайлар анықталып жатыр.