Қысқа жаздан бері дайындалдық, енді көктемге де ерте қамдану керек – Көлгінов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов кешкілік қала көшелерін аралап, қар тазалауға шыққан коммуналдық қызметтің түнгі ауысымының жұмысын тексерді, деп хабарлады Елорда Инфо.
Алтай Көлгінов бастаған жұмыс тобы елорданың сол жағалауы мен оң жағалауына және қаланың шеткі аймақтарындағы жекеменшік секторларға, яғни Бөгенбай батыр, Жеңіс, Қошқарбаев даңғылдары мен Ақан сері, Жылой, Ақжүніс, Баянтау және Хантау көшелеріне ат басын бұрды. Мұндағы әр учаскеде қаланың басқа да көшелеріндегі қармен күрес жүріп жатты. Коммуналдық қызмет пен жеке ұйым басшыларының есебін тыңдаған әкім оларға қар тазалығын осы қарқыннан таймай, қайта жұмысты одан әрі күшейте түсуді тапсырды.Синоптиктердің болжамынша, Нұр-Сұлтан қаласында алдағы күндері де қалың қар жауады деп күтілуде. Ақ ұлпаның қалыңдығы тәулік сайын биіктеп, күндіз 20, түнде 30 сантиметрге дейін жетуі мүмкін деседі. Бұл тұрғыда қаланы қар құрсауында қалдырмас үшін коммуналдық қызмет күшейтілген режимде 3 ауысыммен жүргізілуде.
Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда биыл қар 50-55 пайызға көп жауды. Қазіргі уақытта қала сыртына 2 миллионға жуық текше метр қар шығарылды. Бұл дегеніңіз – 170 мың рейс. Бүгін күндіз 2 500 рейс жасалып, 20 мың текше метр шығарылды. Мен біздің коммуналдық қызметтерге қаланы қардан дамылсыз тазартып жатқандары үшін алғысымды айтқым келеді. Тек күндіздің өзінде 1700 жұмысшы мен 1500 техника бірлігі жұмылдырылды. Бұл жұмыс күн сайын жүргізіледі. Ең басты міндет - қар жауып тұрған кезде алдымен магистральді жолдарды тазарту керек. Одан кейін мектеп, балабақша, емхана, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар мен әкімшілік нысандарға апаратын жолдарды ашу қажет, - деді елорда әкімі.Оның айтуынша, қар тазалауға тек коммуналдық қызмет қана емес, сауда орталықтары мен кәсіпкерлік нысандары, ПИК-тер де өздеріне тиісті территорияны тазалауға міндетті.
Әлі алда 2-3 ай қыс бар. Сондықтан жұмыс әлі де көп. Бақытымызға орай, қыс мезгіліне біз жазғы уақытта дайындалдық. Оны коммуналдық паркты қараудан бастадық. Сол кезде техниканың 35-40 пайызы дайын емес екендігі нақтыланды. Сондықтан қыс түспей тұрып, 130 техника бірлігіне тапсырыс бердік. Мұнымыз ұтымды шешім болыпты. Бірақ қар қалың жауған кезде бәрібір техника жетпейді. Сол себепті біз құрылыс және жол компанияларына өтініш білдіріп, тиегіш, грейдер және самосвал жағынан көмек сұраймыз. Әлбетте, ақысына. Өздеріңіз байқағандай, өтетін жерлер ашық тұр. Жалпы, бұл – оңай жұмыс емес. Сондықтан коммуналдық қызмет жұмысшыларына сыйақы беріп отырамыз. Техника жүргізушілерінің сыйақысын 30 пайызға көтердік. Қазір бұл нарықта бәсекелестік жоғары, - деді Алтай Көлгінов.
Қала әкімінің сөзінше, қазіргі уақытта қаланың коммуналдық қызметі тағы да 30 техника бірлігімен толығады деп күтілуде.
Оларды жазда да пайдалануға болады. Елордалықтарға түсіністікпен қарап, біраз шыдамдылық таныту керек деп ойлаймын. Жекеменшік сектор тұрғындарынан қалдықтарын өздеріне шығаруларын сұраймыз. Онымен қоса біз ПИК жұмысына да қозғау салуымыз керек. Біз жұмысын дұрыс атқармайтын пәтер иелері кооперативіне айыппұл саламыз.Тәжірибе көрсеткендей, бұл өз учаскесінен қарды шығаруға итермелейді. Енді біз көктемге дайындалуымыз керек. Су басу қаупі бар учаскелер жоқ емес. Осы аптада барлық коммуналдық қызмет өкілдерін жинап, тасқынға қарсы шараларды жоспарлаймыз, - деді қала басшысы.
Сондай-ақ, ол қар тазалаудағы стандартты уақыттың жоқ екенін тілге тиек етті.
Бірақ біз әрдайым ережені ұстанып, қар жауған соң оны 3-4 күн ішінде тұтас шығарып тастауға тырысамыз. Астаналықтарға ауқымды жұмыс түсінікті болу үшін коммуналдық қызмет күн сайын ұшырасатын мына жағдайды айтайын, тиегіш жүк көлігін қарға толтыру үшін екі минуттан аз кетпейді. Ал алдыға қозғалу үшін тиегіш 4 метрден әрі аспайды. Ал қала жолдарының ұзындығы бір ғана ондаған шақырым емес екенін жақсы білесіздер, - деді А.Көлгінов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Ұлттық архивте ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Өзгелердің жаңалығы