Ықылас Дүкенұлы шығармашылығына арналған кеш өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада «Жаңғыру» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Қазақтың атақты күйші-қобызшысы, композитор, қылқобызда ойнаудың асқан дүлдүл шебері Ықылас Дүкенұлының туғанына 176 жылдығына арналған «Тоғыз тарау» атты шығармашылық кеш өтті.

Шара барысында Ықылас Дүкенұлы туралы 1993 жылы «Қазақтелефильм» киностудиясында режиссер Тілеген Ахметов түсіріген «Ықылас» атты деректі фильмнен үзінді көрсетілді.

«Кештің мақсаты – насихатталуы кемшін дәстүрлі музыка мен оның танымал тұлғаларының бірі - Ықылас Дүкенұлының шығармаларын тыңдарман назарына ұсыну және ол туралы тың деректерді рухани айналымға қосу», - дейді ұйымдастырушылар.

Кешке белгілі өнер адамдары, музыкатанушы ғалымдар, күйшілер, әншілер және Ықылас Дүкенұлының ұрпақтары мен күйшінің жерлестері қатысты. Белгілі қоғам қайраткерлері мен өнер адамдары Мұхаметқасым Шәкенов, Әбдіманап Көпбергенұлы, Көпен Әмірбек, Мұсағали Дуамбеков, Жанғали Жүзбай, Жанұзақ Мүсәпірлер күйші шығармашылығы туралы тың ойларын ортаға салды.

Қазақ ұлттық Өнер академиясының Қобыз және орыс халық музыкасы кафедрасының аға оқытушысы, Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Алмат Сайжан мен Ықылас Дүкенұлының ұрпағы, Қобыз өнерінің дәстүрлі ұстанушысы, Күйшілер одағының Атырау облыстық филиалының жетекшісі, Республикалық конкурстары мен xалықаралық фестивальдердің лауреаты, Атырау облысындағы Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ xалық аспаптар оркестрінің солисі Ақнар Шәріпбаева Ықылас Дүкенұлының күйлерін нақышына келтіре орындады.

Ы. Дүкенұлының портретін салған суретші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жанұзақ Мүсәпір жұртшылыққа дәулескер күйші Ықылас Дүкенұлы суретінің қыр-сырын түсіндірді.

Кеш соңында Ы.Дүкенұлының ұрпақтарының атынан Хабар телеарнасының техникалық қызметінің бастығы Еділ Ермекбаев пен Ақнар Шәріпбаева сөз алды.

«Қазақтың атақты күйші-қобызшысы, композитор, қылқобызда ойнаудың асқан дүлдүл шебері Ықылас Дүкенұлының биыл туғанына 176 жыл. Ықыластың өскен ортасында күйшілік өнер айрықша әспеттелетін дәстүрге айналып, дәулескер күйшілердің қалың шоғыры қалыптасқан. Тәттімбет, Сары, Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Итаяқ, Әбди сияқты күйшілердің Ықылас бірінің даңқын естіп, күйін құлағына құйып өссе, келесісінің көзін көріп, қадірлес сыйлас болған. Бұл ортада бағзыдан жеткен теріс бұрау күйлері ұшталып, өрісін ұзартқан. Ықылас болса сол ұлы дәстүрді қобыз тілінде жалғастырушы дәулескер күйші. Қорқыт атадан кейін тәңірлік аспапқа адамның тілін дарытып, жоғын жоқтатып, мұңын мұңдатқан біртуар композитор», - деді ол.

Ықылас Дүкенұлы артына қайталанбас музыкалық мұрамен бірге өзінің іздеушісі боларлық ұсқынды ұрпақ қалдырғандығын атап өтіп, күйшінің ұрпақтары туралы, ұлдары мен қыздары, немере-шөберелері туралы толыққанды ақпарат берді. Ықылас Дүкенұлының мұрасын насихаттау  жұмысы ары қарай жалғаса беретіндігіне тоқталды. Шараның ұйымдастырушысы «Жаңғыру» қоғамдық қорының қызметкерлері мен кешке келген жұртшылыққа алғыстарын білдірді.

Кешті Шалқар радиосының қызметкерлері белгілі өнертанушы, күйші, Сәрсенғалы Жүзбай мен әнші Жасұлан Наурызбайұлы күйшінің шығармашылығына талдау жасай отырып, жүргізді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы