Қылмыскермен бетпе-бет тайталасқан қайсар ұл
Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Өткенге шегініс жасап, сол күнгі оқиғаны еске түсірсек. 2016 жылғы 19 маусым күні Тараз қаласындағы 6 мөлтек ауданда қылмыскерді қолға түсіру кезінде ерлік көрсетіп, оққа ұшқан Бекжан Тіленшиевтің жағдайы өмір мен өлім арасында қалған еді.
Екі күрделі ота жасалғаннан кейін ғана беті бері қарағанмен, бірінші топтың мүгедегі болып қалды. Төсекке таңылған азаматтың екі аяғы сал тартып, бір қолы істемей қалған. Бүгінде Жамбыл облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығында жиі ем алып, Нұр-Сұлтан қаласындағы осындай мекемелердің де шипасын алуға мәжбүр.
Бейбіт күннің батырына сол күнгі оқиғаны еске түсірудің оңай емесін білсек те, айтып беруін сұрадық.
«Сол күні әдеттегідей қызмет бекетімде тұрғанмын. Он метрдей жерде үш қылмыскер бір адамды маған белгісіз себеппен атып тастады. Олар қылмыстарын жасырмақ болып қашты, мен жолдан бір көлікке мініп, соңынан қудым», - дейді Бекжан.
Тәртіп сақшысы, содан соң, рация арқылы орталыққа шығып, болған жайды баяндаған. Қашқындар 6 мөлтек ауданына келгенде тығырыққа тірелген. Біреуі сасқанынан көп қабатты үйдің бірінші кіреберісіне кіріп үлгеріпті.
«Оны байқап қалған мен де артынан жүгіріп кірдім. Қапелімде аңғарғаным, қылмыскер маған қаруын кезеп тұр екен. Лезде қаруымды шығарып, оған «Қаруыңды таста, ақымақ болма, беріл!» дедім, сол сәтте сырт жақтан бір кішкентай бала кіріп келді. Сөйтіп қаруымды қылмыскерге кезеп тұрып, кішкентай баланы өткізіп жібердім», - дейді бұрынғы тәртіп сақшсысы.
Кейіпкеріміз бұл көп қабатты үй болғандықтан, пәтерлердің бірінен адам шығып қалып кепілдікке ала ма деп алаңдапты. Сол сәтте қылмыскердің тапаншасынан атылған оқ полиция қызметкерінің мойнына тиіп, сол жерде сұлап түседі.
«Ал менің жалма-жан атқан оғым қылмыскердің аяғына тиді. Көмекке келген участкелік полиция инспекторы Данияр Зәуірбеков те жараланды. Екеумізді ауруханаға жеткізіп, ота жасады», - деп күрсінді ол.
Әрі қарайғысы белгілі. Осындай ауыр жағдайға түскен жанның қиындыққа берілмей, ертеңгі күнге деген сенімін бекемдей түсуге Тараздағы оңалту және бейімдеу орталығының психологы Қарлығаш Дәуірбаева көп көмектесіпті. Оның айтуынша, Бекжан өте шыдамды, соның арқасында еш мойымай, үмітпен өмір сүріп жүр.
Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, батырдың мойнынан тиген оқ бірінші және жетінші омыртқасын сындырып, мойнымен жалғастырған екі күре тамырды үзіп жіберген. Жеті жарым сағат ота жасалып, үзілген екі тамырды жалғап, жанын әзер аман алып қалған. Бір ай ауруханада жатқаннан кейін Астанаға Ұлттық нейрохирургия орталығында төрт жарым сағаттық отадан тағы өткерген. Одан кейін Греция елінде оңалту орталығында емін жалғастырып келген. Бірақ бұғана сүйегі сынық, жалғанбаған. Екі оқ жауырынында тұр.
Дәрігерлер Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы оңалту орталықтарынан алатын емді үзбеу керектігін айтқан. Көп ұзамай аяққа тұрып кететін шығармын деген үлкен сенім бар Бекжанда. Ендігі үміті жергілікті билік өкілдерінде. Осыған көңіл бөліп, жіті емделуіне және зейнетке шығарғанда кеткен олқылықтардың орынын толтыруға көмектессе деп тілейді.
Айта кетейік, тәуелсіздік жылдары елімізде 2 мыңнан астам полицей қызмет барысында жараланды десек, соның бірі – Бекжан. Әрине, оның осы ерлігі ескеріліп Елбасының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалі, министрдің арнайы алғыс хаты табыс етілді.
Айтпақшы, бірнеше жылдан бері баспана азабын тартып жүрген Бекжанның отбасына жақында Жамбыл облыстық полиция департаменті тарапынан қызметтік пәтер берілген. Басшылықтың тікелей қадағалауымен Бекжан Тіленшиевке кіріп-шыққанына ыңғайлы болу үшін пәтер бірінші қабаттан ұсынылыпты.