Йеменде қыркүйек басынан бері 125 мың адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды
Йеменде қарулы қақтығыстардың күшеюіне байланысты қыркүйек айының басынан бері шамамен 125 мың адам тұрғылықты жерін тастап кетуге мәжбүр болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының (OCHA) мәліметінше, осы уақыт ішінде елде 18 мыңға жуық отбасы қоныс аударған. Ұйым Йемен үкіметінің күштері мен хуситтер арасындағы ұрыс бейбіт тұрғындардың жағдайын одан әрі қиындатып отырғанын мәлімдеді.
1-14 қыркүйек аралығында қақтығыс салдарынан сегіз адам қаза тауып, тағы 32 адам жараланған. Құрбандардың арасында әйелдер мен балалар да бар.
БҰҰ мен гуманитарлық ұйымдар күрделі қауіпсіздік жағдайына қарамастан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуді жалғастырып жатыр. 12 қыркүйектегі жағдай бойынша мыңдаған отбасыға қажетті көмек жеткізілген. Алайда OCHA гуманитарлық қорлардың азайып бара жатқанын және қолда бар қаржы қажеттілікті толық өтеуге жетпейтінін ескертті.
Қауіпсіздік мәселесіне байланысты Йеменнің батыс жағалауындағы бірқатар ауданға гуманитарлық жүк жеткізу тоқтатылған. Кейбір негізгі жолдарда қозғалыс шектелсе, бірқатары толық жабық күйінде қалып отыр.
OCHA қақтығыс тараптарын бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтауға және көмек ұйымдарына кедергісіз әрі қауіпсіз қолжетімділік беруге шақырды.
Anadolu мәліметінше, Йеменде қарулы қақтығыс шілде айынан бері қайта күшейген. Соңғы уақытта хуситтер Қызыл теңіз жағалауындағы бірқатар аумаққа бақылауын кеңейтсе, үкімет күштері Сауд Арабиясымен шекаралас Джауф провинциясында алға жылжыған.