Йеменде хуситтер БҰҰ-ның 20 қызметкерін тұтқындады
Йемендегі хуситтер Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) тағы 20 қызметкерін тұтқындап, ұйымның техникалық жабдықтарын тәркілеген. Бұл туралы Associated Press агенттігіне БҰҰ-ның Йемендегі тұрақты үйлестірушісінің өкілі Жан Алам мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, қызметкерлер Сананың оңтүстік-батысындағы БҰҰ нысанында ұсталған. Бір күн бұрын бүлікшілер қаладағы басқа бір БҰҰ кеңсесіне де шабуыл жасаған.
Біз осы ауыр жағдайды мүмкіндігінше тезірек шешу үшін хуситтермен және өзге де тараптармен байланыс орнаттық. Барлық қызметкерлерді босатып, ұйым нысандарына толық бақылау орнату қажет, – деді Алам.
Бастапқыда ұсталған 20 адамның арасында бес йемендік және 15 шетелдік қызметкер болған. Алайда кейін хуситтер олардың 11-ін босатқан. Қалғандарының тағдыры әзірге белгісіз.
БҰҰ өкілдерінің айтуынша, хуситтер рейд барысында барлық байланыс және IT-жабдықтарды – телефондар, серверлер мен компьютерлерді тәркілеп әкеткен.
Тұтқындалғандар арасында БҰҰ-ның бірнеше агенттіктерінің қызметкерлері бар, оның ішінде Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP), БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы (OCHA) бар.
Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері Иранның қолдауына сүйенетін хуситтер БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдарға қарсы қысым науқанын күшейтіп келеді. Бұл әрекеттер негізінен олардың бақылауындағы Сана, Ходейда және Садаа аймақтарында байқалған.
Бүлікшілер БҰҰ қызметкерлерін «тыңшылықпен айналысты» деп бірнеше рет айыптаған, бірақ ешқандай дәлел келтірмеген. БҰҰ бұл мәлімдемелерді «негізсіз және жала» деп бағалады.
Қазірдің өзінде хуситтер ондаған халықаралық маманды, соның ішінде БҰҰ-ның 50-ден астам қызметкерін қамауда ұстап отыр. Биылғы жылдың басында Садаа провинциясында Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының бір қызметкері тұтқында қайтыс болған еді.
Бұл жағдай БҰҰ-ны аймақтағы қызметін шектеуге және Йемендегі гуманитарлық операциялардың үйлестіру орталығын Санадан үкімет бақылауындағы Аден қаласына көшіруге мәжбүр етті.