Үйде босану трендке айналып барады
Алматы, BAQ.KZ. Еліміздің қыз-келіншектері арасында үйде босану трендке айналуда. Олар отбасындағы жайлы әрі тыныш атмосферада толғақ та жеңіл өтеді дегенді алға тартып отыр.
Ал кейбірі дәрігерлердің кәсібилігіне күмән келтіргендіктен осындай қадамға барған. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.
Баланы перзентханада босанған жөн бе? Әлде өз шаңырағыңда туған дұрыс па? Елімізде осындай сауалға бас қатырып жүрген қыз-келіншектер баршылық. Тіпті, ғаламторда қауымдастық құрып, өз тәжірибелерін жариялап отыратындар бар.
Тұңғышымды босанғанымда біраз ауырсындым. Тіпті, екінші рет құрсақ көтеруге ынтам жоғалып, бетім қайтып қалды. Кейіннен өз үйіңде босануға болады дегенді естідім. Осылайша, екінші рет сәби көтеріп, оны осы шаңырағымызда өмірге әкелдім,- дейді Алматы қаласының тұрғыны Светлана Зибницкая.
Светлана Зибницкая әлеуметтік желідегі парақшасында өз тәжірибесіне сүйене отырып, үйде босанудың артықшылықтарымен бөлісуді әдетке айналдырған. Оның сөзінше, осындай қауіпті қадамға бел буған әйелдер тыныш та жайлы атмосферада толғатқанды жөн санайды. Тіпті, бала өмірге келе сала оны отағасының жейдесіне орап, ырымдайтын көрінеді.
Ал ақ халаттылар болса, перзентханаға асықпайтындар мен ем-шарадан мүлдем бас тартатындардың азаймай отырғанын айтады. Үйде босану дәстүрінің қайта жаңғырып келе жатқанын олар да растап отыр.
Біз олармен алдын-алу шараларын өткіземіз. Бұл жаңа трендтің зиянды тұстарын айтып, түсіндіреміз. Ана мен баланың өмірін тәуекелге тіккенмен бірдей. Жаңа туған сәбидің жағдайы кез келген сәтте ауырлап кетуі мүмкін. Үйде туған сәбидің жағдайы нашарласа, біз тез арада көмек көрсете алмай қаламыз,-дейді акушер-гинеколог Ғалым Ғабдуллин.
Перинаталды орталықтарда жылына 8000-нан астам сәби өмірге келсе, 0,3-0,4 %-ы үйде босанғандар екен. Дәрігердің көмегінен мүлде бас тартқандардан бөлек, перзентханаға жете алмай кіреберісте немесе жолда туып қалғандар көптеп кездеседі. Жас ана Зарина Зайнуллина екінші сәбиін күтіп жүр. Замандастарының мұндай шешімін ол жауапкершіліктің жоқтығынан деп отыр.
Дәрігерге қаралмау, бұл жауапкершіліктің жоқтығы. Қаралмаудың әсерінен көптеген зардап шегіп жатқан адамдар аз емес. Үйде босану бұл өте қауіпті: балаға да, анасына да. Көптеген жағдайлар болып жатады. Мысалы, балалар кіндікке оралып қалып жатады. Дәрігердің арқасында осындай кері әсерді алдын алып, жақсы болып кетіп жатады,-дейді Зарина Зайнуллина.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде күн сайын 800-ден астам әйел босану кезінде жағдайы нашарлап, мерт болады.
Олар дәрігердің көмегіне дер кезінде жүгінсе, өлім-жітімнің басым бөлігін алдын-алуға болар еді - дейді мамандар.