Ясауи кесенесінің аумағында сакура гүлдеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда Ясауи кесенесінің аумағындағы ботаникалық бақта сакура ағашы бүршік жарып жатыр.

Ислам бағы негізінде салынған ерекше саябақта 200 түп сакура ағашы, жалпы әлемде сирек кездесетін мыңға жуық ағаш егілген. 7,7 гектар жерге жайғасқан демалыс аймағында жақын күндері мыңдаған қызғылт, күлгін, ақ түске боялған шие ағашының гүлденуі күтілуде. 


Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы тынымсыз жүріп жатқан құрылыс, жөндеу жұмыстарын пысықтау үшін шаһардағы құрылыс алаңдарында болды. Ботаникалық бақта Германиядан арнайы әкелінген ағаш пен гүлдердің 50-ден астам түрі отырғызылған. Олардың ішінде сәндік жеміс ағаштары мен күлгін түсті күл ағашы, катальпа ағашы, долана, каштан, терек, тұт ағашы, үйеңкі, раушан гүлі мен қызғалдақтың сан алуан түрі бар.


Демалыс аумағы биіктігі 1 метрден аспайтын мыңға жуық ерекше дизайнды жарықшамдармен жарықтандырылған. 350 арнайы шам жол үстіне орналастырылған. Декоративті су арналары мен субұрқақтар салынған.


Қаладағы жаңа саябақтар мен демалыс орындарын аралаған облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев құрылыс пен жөндеу жұмыстарын 10 күннің ішінде толық аяқтауды міндеттеді. 6 га жерде орналасқан «Рәміздер алаңында» көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мұнда 2 мың көшет отырғызылып, газон төселеді. Субұрқақтар мен арнайы демалыс орындары мен балалар алаңшалары ашылады. 


Облыс әкімі қаладағы мәдени-рухани орталықтағы құрылысы аяқталған жаңа ғимараттардың аумағына жолаяқтардың төселуі тым ұзаққа созылғанын қатаң сынға алды. Мойнына алған міндетті созбалаңға салған фирма өкілдеріне сылтау іздемей, тапсырысты дер кезінде орындауды тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы