Яндекстегі ақау: Депутат Бас прокуратурадан тексеру жүргізуді сұрады
Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева азаматтардың, соның ішінде кәмелетке толмаған балалардың жеке мәліметтерінің ашық жариялануына байланысты дербес деректердің қорғалуына тексеру жүргізуді ұсынды. Ол «Әділет» партиясы фракциясының атынан Қазақстанның Бас прокуроры мен Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министріне депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, жақында Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы жеті білім беру ұйымы 529 қызметкердің дербес деректерін мемлекеттік сатып алу порталында ашық жариялаған. Ал Семей қаласында қызметкерлермен қатар 344 кәмелетке толмаған баланың жеке мәліметтері де жалпыға қолжетімді болған.
Бұл деректерді алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті болмаған. Оларды қорғауға тиіс ұйымдардың өздері ашық жариялаған, – деді Ләззат Жылқыбаева.
Оның сөзінше, азаматтар мемлекеттік қызметтерді алу, банкке жүгіну, емханаға тіркелу немесе баласын мектепке орналастыру кезінде жеке мәліметтерін түрлі ұйымдарға ұсынады. Алайда кейін бұл ақпаратқа кімнің қол жеткізетіні, қандай мақсатта пайдаланылатыны және оның қорғалуын азаматтардың қалай бақылай алатыны жөнінде сұрақтар туындайды.
Депутат балалардың жеке мәліметтеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, баланың тұрғылықты жері, оқу орны, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттың таралуы олардың жеке өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Сондай-ақ ол 11 қазанда «Яндекс» компаниясының кейбір қызметтеріне Қазақстанда қол жеткізу қиындағанын еске салды. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымдағы ақаумен түсіндірген. Министрлік азаматтардың дербес деректері сақталатын серверлер Қазақстан аумағында орналасқанын мәлімдегенімен, сервистің кейбір компоненттері елден тыс жерде екенін растаған.
Осыған байланысты депутат дербес деректердің нақты қай елде және қандай құқықтық режим аясында өңделетінін анықтау қажеттігін айтты.
Депутат қандай шаралар ұсынды?
Ләззат Жылқыбаева депутаттық сауалында бес бағыт бойынша шара қабылдауды ұсынды:
* 11 қазандағы жағдайға байланысты дербес деректердің шекарааралық берілуінің заңдылығын тексеру;
* әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың дербес деректерді жинау заңдылығын тексеру;
* жалпыға қолжетімді көздерде жарияланбауға тиіс дербес деректерді бүркемелеу талаптарының сақталуын тексеру;
* осы сала мамандарының біліктілігін арттырып, жергілікті атқарушы органдар жүргізетін тексерулерге арналған бірыңғай әдістеме әзірлеу;
* дербес деректері заңсыз жарияланған азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру тетіктерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Депутаттың пікірінше, цифрлық мемлекетке деген сенім ең алдымен азаматтардың жеке мәліметтерінің қорғалатынына деген сенімнен басталады.