«Яндекс Таксидегі» 200 мың қазақстандық бір күнде жұмыссыз қалуы мүмкін
Қазақстанда «Яндекс.Такси» мобильді қосымшасы арқылы жұмыс істеп жүрген 200 мың қазақстандық бір күнде жұмыссыз қалу қаупі бар. Бұл туралы депутат Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде әртүрлі онлайн сервисте 500 мыңнан аса қазақстандық жұмыс істейді.
Бұл – қуантарлық жағдай. Оның 200 мыңға жуығы «Яндекс.Такси» қосымшасы арқылы нәпақасын табады. Ойлаңыздаршы, 200 мың қазақстандық. Менің ойымша, бұл мәселеге Үкіметтің тікелей назарын аударуы керек. «Яндекс.Такси» такси жүргізушілерінен алатын комиссиясы 18%-22% аралығында. Бұл не деген дүниеқорлық?, - деп айтты депутат Елнұр Бейсенбаев.
Ол мемлекеттік органдар бұл мәселеге назар аудармай отырғанын жеткізді.
Біріншіден, Бәсекелестікті қорғау агенттігі қайда қарап отыр? Қазақстанның салығынан да көп комиссия алынады? 200 мыңға жуық қазақстандық соншама комиссияны қазақстандық емес ұйымға жіберіп жатыр? Неге осыны бақылауға алмайсыздар? Екіншіден, «Яндекс.Такси» қосымшасына алтернатив қосымша жоқ. Ресейге әртүрлі санкция салынып жатыр. Қателеспесем, Эстония, Литва «Яндекс.Таксидің» жұмысын тоқтатты. Ертең 200 мың қазақстандық бір күнде жұмыстан сыртта қалу қаупі бар.., - деп шамданды депутат.
Осыған байланысты Елнұр Бейсенбаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министріне сұрақ қойды.
«Яндекс Такси» қосымшасында 200 мың адам жұмыс істейді» деген ақпарат нақты емес. Онда қанша қазақстандық еңбек етіп жүр? Қазақстанда «Яндекс.Таксиге» бәсекелес болатын қазақстандық қосымшаны ойластыру жоспарда бар ма?, - деді ол.
Ведомсво басшысы сұрақтарға нақты жауап бере алған жоқ.
Мен «Яндекс.Таксиде» қанша адам жұмыс істеп жатқанын білмеймін. Оны нақты білу үшін компанияға сұраныс жіберуім керек. Олар жауап берсе, ақпаратты бөлісемін. Бірнеше адам («Яндекс.Таксиге» ұқсас) қосымша жасауға тырысты. Бірақ жасай алған жоқ. Бұл – нарықтық орта, - деп айтты Бағдат Мусин.
Сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов «Яндекс.Таксидегі» бағаның жоғары болуына байланысты тексеріс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Жыл басынан бері агенттікке көптеген арыз түсті. Арыздар «Яндекс.Таксидің» 16-20% комиссиясына байланысты. Бүгінде тергеу жүргілізіп жатыр. 2 іс қозғалды. Бірінші іс, бағаның жоғары болуына байланысты. Әрбір сапардан неге 18-20% алынғанына қатысты. Екіншіден, олар Астана және Алматыда монополист болып саналады. Нарықтағы үлесі – 70-80%. Халықтың бұл қосымшаны пайдаланбасқа амалы жоқ. Тергеу аяқталған соң оның нәтижесін жариялаймыз, - деді Болат Сәмбетов.