Яна Легкодимованының өлімі: Хайржанов пен Қатимовқа үкім шықты
Атырау соты 23 жастағы Яна Легкодимованы өліміне қатысты үкімін шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот 24 жастағы Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы Алтынбек Қатимовты аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында (МАҚІЖС) Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Қатимовқа қатысты істі қарады.
Тағылған айыптар:
- Алдын ала сөз байласқан адамдар тобы ретінде адам өлтіру (Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігінің 7 және 8-тармақтары).
- Алдын ала сөз байласқан адамдар тобы арқылы бөтеннің мүлкін қасақана жою және ірі көлемде залал келтіру (ҚК-нің 26-бабы, 2-бөлігі).
Істің мән-жайы
Сот мәліметінше, 2022 жылы Ризуан Хайржанов жәбірленуші Яна Легкодимовамен кездесе бастаған. 2024 жылдың шілде айында Яна оның басқа қызбен қарым-қатынасы туралы біліп, оның арты жанжалға ұласқан. Бұл жанжалдың тарап кетуінен қорқып, Ризуан Хайржанов Яна Легкодимованы өлтіруді ұйғарып, досы Алтынбек Қатимовты көмекке шақырып, оған 500 000 теңге уәде еткен.
2024 жылдың қазан айында Алтынбек Қатимов пен Ризуан Хайржанов жәбірленушіні өлтіріп, одан кейін оның құны 700 000 теңге тұратын телефонын алып кеткен.
Сот шешімі
Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші мен куәлерлердің айғақтарымен, оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалармен, сотталушылардың хат жазысуларымен, оқиға болған жерден толтырылған хаттамамен, сараптама қорытындысымен толық расталды.
Сот үкімімен сотталушылар ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 7, 8-тармақтарымен, 202-бабының 2-бөлігінің 6-тармағымен кінәлі деп танылды.
Атырау облысы МАҚІЖС ақпаратынша, адам өлтірудің аса ауыр және жеккөрінішті сипатын, сотталушылардың жеке басын, олардың қылмысқа дейінгі және одан кейінгі әрекетін ескере отырып, сот жазаның әділдігі мен жеткіліктілігі қағидаттарын басшылыққа ала отырып, кінәлілерді өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, Яна Легкодимова 2024 жылы 18 қазан күні жоғалып кеткен. Түнгі 22:00 шамасында үйінен шығып, қайта оралмаған еді.