Яна Легкодимованың өлімі: Полиция жантүршігерлік видео жариялады

23 жастағы Яна Легкодимованың өлімі туралы ақпарат соңғы бір жылдағы ең көп талқыланған қылмыстардың біріне айналды. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бойжеткен 2024 жылдың 18-нен 19 қазанына қараған түні із-түссіз жоғалып, оның денесі бірнеше ай өткен соң ғана Жайық өзенінің жағасынан табылды. Тергеу қалай жүргізілді және күдіктілер қалай анықталғаны туралы оқиғаны саралап көрейік, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

2024 жылдың 20 қазанында Янаның анасы қыздың жоғалғаны туралы полицияға хабар берген. Құқық қорғаушылардың айтуынша, іздеу жұмыстары бірден басталған.

Алғашында жайт “із-түссіз жоғалу” ретінде тіркелді. Өтініш түскен бойда іздеу шараларын дереу бастадық. Біраз дерек жиналғаннан кейін оның ұрлануы мүмкін екені анықталып, қылмыстық іс қозғалды. Кейін қыздың қаза тапқаны белгілі болған соң, тергеу кісі өлтіру дерегі бойынша жалғасты, – деді Атырау облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы бөлімінің бастығы Ерлан Құсайынов.

Жедел әрекет ету тобы қаладағы бейнебақылау камераларын жіті қарап шығып, қыздың үйінің жанында тұрған ақ түсті көлікті байқайды. Автокөлік иесі Ризуан Хайржанов екені анықталған. Кадрларда Янаның сол көлікке отырғаны көрінеді.

Біз оның шыққан сәтінен бастап қозғалыс бағытын қалпына келтіре бастадық. Камералар қыздың ақ машинаға отырғанын көрсетті. Қасында тұрған екінші ер адам есікті ұстап тұрған. Кейін ол да көлікке мінеді. Көлік Талдықөл ауылына қарай бет алған, – дейді Атырау облысы ПД Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Темірхан Хажмұратов.

Тергеу барысында қыздың жоғалуы кездейсоқ емес, қылмыстық сипатта екені алғашқы кезеңнен-ақ анық болды. Камералар күдіктілердің тұлғасын анықтауға мүмкіндік берген. Кейін белгілі болғандай, олардың бірі көліктің ішінде Янаны буындырып өлтірген, екіншісі қылмыстың ізін жасыруға көмектескен.

Күдіктілер екі күн ішінде ұсталды. Біреуі Құрманғазы ауданына кетіп үлгерген, екіншісі көлікті жуып, іздерді өшіріп, марқұмның телефонын жойған, – деді тергеуші Хажмұратов.

Уақыт жоғалтпай істі қалпына келтіруге тырысқан тергеушілер қылмыстың бүкіл тізбегін анықтай алды. Хайржанов Янаны көліктің ішінде буындырып өлтірген, ал оның досы Алтынбек Қатимов есікті ұстап, қыздың қашып шығуына мүмкіндік бермеген. Кейін олар денені қала сыртына апарып, өзенге тастап кеткен.

Алдымен Хайржанов анықталды. Оның айтқандарынан кейін екінші күдікті – Қатимов ұсталды. Менің тәжірибемде алғаш рет күдіктілер ұсталған кезде дене әлі табылмаған жағдай болды. Дегенмен олардың сөздері негізінде қылмыс болған орынды дәл анықтай алдық, – деді Ерлан Құсайынов.

Полицияның мәліметінше, Яна мен Хайржанов 2022 жылдан бері таныс болған, бір университетте оқыған және араларында қарым-қатынас болған. Қылмыстың себебі – жанжал. Яна жігіттің басқа қызбен кездесіп жүргенін, жақында үйленгелі жатқанын біліп, бұл туралы болашақ қалыңдыққа айтатынын жеткізген. Осыдан кейін Хайржанов оны өлтіруге шешім қабылдаған. Бұған дейін олардың ешқайсысы қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.

Құзырлы органның айтуынша, мұндай істерде әрбір ұсақ деталь маңызды рөл атқарады.

Бір ғана ұсақ мәлімет істі ашуға себеп болуы мүмкін. Біз күдіктілердің мінез-құлқын бақылап, оларға жол табуға тырысамыз. Психологиялық жағдайын дұрыс бағалау өте маңызды, – дейді полиция қызметкерлері.

Тергеу барысында басты күдікті алдымен шатастыруға тырысқанымен, құқық қорғаушылар олардың келісімін әшкерелей алды.

Сот санкциясымен олардың әлеуметтік желідегі парақшаларына қол жеткіздік. Перепискаларында олар қылмысты алдын ала талқылағаны анықталды. Google-дың іздеу тарихында “Қазақстанда кісі өлтіру үшін қандай жаза бар?”, “Камера жазбалары қанша уақыт сақталады?” деген сұраулар болған, – деді тергеуші Темірхан Хажмұратов.

Сот үкімімен екі күдікті де өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Біз бар күшімізді салып, аса қатігез қылмыскерлерді ұстадық. Өкінішке қарай, анасына қызын қайтарып бере алмаймыз, бірақ қылмыскерлердің жазадан құтылмайтынына көз жеткіздік, – деді Ерлан Құсайынов.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау соты 23 жастағы Яна Легкодимованы өліміне қатысты үкімін шығарған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Видеодан кадр
Өзгелердің жаңалығы