Ямайка және Панамадан да артта қалдық. Депутат «шикі» жобалар туралы бар шындықты айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Аграрлық ғылымның тиімділігін уақыт жағынан тежеп отырмыз. Мұндай пікірді Сенаттың жалпы отырысында Ақылбек Күрішбаев айтты.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

Аграрлық ғылымның тиімділігін тежейтін себептің бірі – аграрлық ғылыми жобалар мен бағдарламаларды іске асыру мерзімінің шектеулігі. Оны өз қолымызбен жасап отырмыз. Бізде ғылыми конкурстардың талабы бойынша оған 3 жыл ғана уақыт беріледі. Бұлай ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеулердің уақытын шектеуге болмайды. Себебі аталған саладағы зерттеулер бюджеттік жоспарлау мерзіміне емес, ауа райының ерекшеліктерімен байланысты,- дейді Ақылбек Күрішбаев.

Ол ешбір елде ауыл шаруашылығындағы жаңа сұрыптар, технологиялар үш жыл ішінде жасалмайтынын айтты. 

Сондықтан кеңестік одақ кезеңінде ғылыми зерттеулерге кем дегенде 5 жыл уақыт берілетін. Қазір біз өзіміздің ғылыми жобаларымызға шетелдік ғалымдарды тарта алмағандықтан, шетелдік технологиялардың трансфертін  қамтамасыз ете алмай отырмыз. Себебі біздің серіктестеріміз 3 жыл мерзімде ауыл шаруашылығында маңызды ғылыми нәтижелерге қол жеткізудің мүмкін еместігін түсінеді деп отыр. Демек, аграрлық ғалымдарымызды біз өзіміз тығырыққа тіреп отырмыз. Әрине, осыдан кейін өндірістің сұранысын өтей алмайтын, «шикі» ғылыми жобалар пайда болады,- дейді сенатор.

Ол Қазақстан ғылымының жағдайына тоқталып өтті. Яғни  2020 жылғы «Жаһандық инновациялық индекс» рейтингісіне сәйкес, Қазақстан инновациялық қызмет тиімділігі көрсеткіші бойынша тек 77-орында. 

Дамыған елдер туралы айтпағанда, біз Ресей мен Белоруссиядан айтарлықтай артта қалып, Армениядан, Моңғолиядан, Ямайка және Панамадан да қалып қойдық. Ал өзіміздің статистикалық деректерімізге сүйенсек, 2019 жылы біздегі инновациялық өнім көлемі елдің жалпы ішкі өнімінің небәрі 1,6%-ын құраған. Осы көрсеткіш бойынша Ресейден 8 есе, дамыған елдерден 20-30 есе артта қалып отырмыз. Неге бұлай? Басты себеп – ғылымды қаржыландырудың жеткіліксіздігі, - дейді депутат.

Оның айтуынша, шетелдік ғалымдар: «Қазақстанға үнемі ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру нысанын өзгертумен айналысасыздар, ал дұрысында, жүйенің мазмұнын өзгерту қажет. Өзгерістерді ғылыми зерттеулердің жаңа әдістерін меңгерген заманауи ғылыми кадрларды даярлаудан бастау керек. Егер сіздер бұған қол жеткізсеңіздер, өте тиімді ғылыми әзірлемелерге ие боласыздар. Сол уақытта бизнестің өзі оларды коммерцияландыруға кезекке тұрады» деп айтады екен.

Бұл бағытта біз не тындырдық? Біз ғалымдарды дайындаудың ескі кеңестік жүйесін жойдық. Бірақ оның орнына жетілдірілген жаңаша жүйені құра алмадық. Технологиялық тұрғыдан дамыған елдер, оның ішінде Қытай, инновацияларды құрудың және заманауи ғылыми кадрларды даярлаудың ең қысқа жолы зерттеу университетінің моделі болып табылатындығын дәлелдеді. Бүгін де көршілеріміздің қандай ғылыми серпіліс жасағанын көріп отырмыз. Аталған елдің университеттерінде, негізінен, экономиканың ең өзекті мәселелерін шешуге бағытталған ірі пәнаралық ғылыми бағдарламалар жүзеге асырылады, - дейді Күрішбаев. 

Оның айтуынша, өзіндік ғылыми мектебі қалыптаспаған зерттеулердің бағыттары бойынша жобаларға жетекші шетелдік ғалымдар тартылады. Нәтижесінде мультипликативті нәтижелерге: яғни, өндіріске қажет инновацияларға, жаңа білімен технологиялар трансфертіне, заманауи зерттеу әдістерін меңгерген жас ғалымдарды даярлауға, ЖОО үшін жаңа білім беру бағдарламаларына қол жеткізіледі.


Ал біз өзіміздің көптеген реформамызбен ғылым мен жоғары білім беруде осындай басты жүйелі өзгерістерді іс жүзінде қалыптастыра алмадық. Шын мәнінде, біз бүгінгі күнге дейін әлемдік ғылыми және білім беру кеңістігімен біріге алмадық. Бізде құрылған бірнеше ғылыми-зерттеу университеттерінің жұмыс істеу мазмұны емес, тек маңдайшасындағы жазуы өзгерді. Ал салалық министрліктер тіпті басқа жолмен жүр. Олар өздеріне бағынышты университеттердің ғылыми әлеуетін нығайтудың орнына, олардың үстінен неше түрлі әкімшілік құрылымдарды ойлап табуда. Мұндай жүйе ешбір дамыған елде жоқ,- деді депутат.

Ол ұсынылып отырған заң жобасында Білім және ғылым министрлігінің сала аралық үйлестіру құзыретінің күшейтілетіні қатты қуантқанын айтты.

Ең бастысы, еліміздің ғылымын  «велосипедті» қайта ойлап таппай, әлемде жинақталған тәжірибені қолдана отырып, ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың заманауи жүйесін біздің тәжірибеге бейімдей алатын жай ғана менеджер емес, ғалым басқаруы керек. Біз Білім және ғылым министрлігі жұмысының қаншалықты күрделі және көп қырлы екенін түсінеміз, - деді сенатор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы