Ядролық қару мәселесі: Иран Трамппен келіссөз жүргізуден бас тартты
Иранның Жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменеи АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерді қайта бастау туралы ұсынысынан бас тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ DW агенттігіне сілтеме жасап.
Мемлекеттік Irna ақпарат агенттігінің мәліметінше, Әли Хаменеи Тегеранда шенеуніктер мен әскери қызметкерлер алдында сөз сөйлеп, АҚШ-ты тікелей атамаса да, «агрессивті» үкіметтерді «қорқытып-үркітті» деп айыптады және Иранның «ешқашан олардың үмітін ақтамайтынын» мәлімдеді.
Олар қоғамда «неге біз келіссөздерге дайын екенімізді білдірсек те, Иран бас тартып отыр?» деген күмән тудыруға тырысады. Бірақ олардың шынайы мақсаты — диалог емес, өз ұстанымдарын мәжбүрлеп таңу, — деді Хаменеи.
Оның айтуынша, мәселе тек ядролық бағдарламада емес. АҚШ Иранның қорғаныс және зымырандық бағдарламаларына, сондай-ақ халықаралық байланыстарына қатысты өз талаптарын қойып отыр.
Хаменеи келіссөздерден бас тартқанымен, Иранның ядролық бағдарламасы «қай жерде болса да» талқылануы мүмкін екенін айтты, бірақ нақты мәлімет бермеді.
Бұған дейін Дональд Трамп Иранды ядролық қару жөнінде келіссөздерге шақырған болатын.