Бүгiн 2026, 14:55 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Ядролық физика: Қауіпті емес, күнделікті өмірдің бір бөлігі

Алайда Назарбаев университетінің ядролық физика зертханаларының жетекшісі Әлия Нұрмұхамбетованың сөзінше, ядролық физика тек теориялық бағыт емес, күнделікті қолданылатын нақты технологиялардың өзегіне айналған.

Қоғамда «ядролық физика» деген ұғым ядролық қарумен байланыстырылады. Алайда Назарбаев университетінің ядролық физика зертханаларының жетекшісі Әлия Нұрмұхамбетова ядролық физика адам өмірінің түрлі саласына кеңінен енген ғылым екенін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, ядролық физика тек теориялық бағыт емес, күнделікті қолданылатын нақты технологиялардың өзегіне айналған.

Адамдар ядролық физиканы көбіне қауіпті нәрсемен байланыстырады. Бірақ бұл дұрыс түсінік емес. Керісінше, ол біздің күнделікті өмірімізде кеңінен қолданылады. Мысалы, денсаулықты тексеру үшін қолданылатын ПЭТ немесе рентген құрылғылары – осы ғылымға негізделген, - дейді маман.

Медицина саласынан бөлек, ядролық физика мәдени мұраларды зерттеуде де маңызды рөл атқарады. Сарапшының айтуынша, бұл әдістер тарихи жәдігерлердің түпнұсқалығын анықтауға мүмкіндік береді.

Біздің тәжірибемізде бір картинаның тарихи шынайылығын анықтау тапсырмасы болды. Италиялық мамандармен бірге жүргізілген жоба барысында ядролық физика әдістері арқылы оның археологиялық құндылығы бар екенін дәлелдедік, - дейді Әлия Нұрмұхамбетова.

Зерттеуші ғылымның барлық саласы бір-бірімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, еліміздегі өзгерістердің барлығы осы ғылым саласымен тығыз байланысты.

Атом электр станциясында тек ядролық физиктер ғана емес, инженерлер, ІТ мамандары, химиктер мен биологтар қызмет етеді. Елімізде осындай өндірістік және энергетикалық нысандарда тек бір бағыттағы мамандар емес, түрлі сала өкілдері бірге жұмыс істейді. Бұл ғылымның кешенді әрі интеграцияланған жүйе екенін көрсетеді, - дейді ғалым.

Маманның пікірінше, ғылымға қызығушылық ең алдымен жастар арасында қалыптасуы тиіс. Себебі дәл осы буын болашақта жаңа технологияларды дамытып, ғылыми жаңалықтарға жол ашады.

Ғылым уақыт пен еңбекті талап етеді. Бірақ ол аса күрделі емес. Ең бастысы – үздіксіз ізденіс пен қызығушылық, - дейді ол.

Тағы оқи отырыңыздар:

Жасанды интеллект дәуіріндегі ғылым: Ғалымдардың рөлі қандай? 

Тегін баспана, 8 млн теңге және грант: Ғалымдарға қандай жеңілдіктер беріліп жатыр?

Президент: Озық мемлекеттің қазығы – ғылым, ал қазынасы – ғалым

600-ден астам жас ғалым баспаналы болды – Тоқаев