Ядролық соғыс, Ауғанстандағы жағдай, індетпен күрес. Astana Club отырысы қалай өтті?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада үш күн қатарынан «Пандемиядан кейінгі жаңа әлем» тақырыбында Astana Club-тың алтыншы отырысы өтті. Алтыншы Astana Club ресми түрде «Коронавирус пандемиясы: қауіп жағдайында қалпына келу, COVID-19 жаңа мутациялары мен бөлінген әлем үшін салдарлары» сессиясымен ашылды.

   Алтыншы отырыстың ашылуы


Отырыстың алғашқы күнінде Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева клубтың бұған дейінгі отырысы 2019 жылы өткенін атады.

Бұл мүлдем басқа дәуірде болғандай. Ол кезде вирустың өршуі әдеттегі өмір тәртібін "жойып", экономиканы тоқтатып, әлем елдерін оқшаулануға мәжбүр ететінін ешкім елестете алмады. Пандемия біздің бәріміздің қаншалықты өзара байланысты және өзара тәуелді екенімізді тағы бір мәрте көрсетті. Бүгінгі таңда халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін шоғырландыру әдеттегіден әлдеқайда маңызды, - деді ол.
Ол қазір халықаралық аренада өзара сенім режимін қалпына келтіруге жан-жақты жәрдемдесу қажет екенін атап өтті.

Оның айтуынша, пандемия әлемдік жүйеде бұған дейін пайда болған өзгерістерді жеделдетті.

Бұл өзгерістер қай бағытта болуы керек деген мәселе бойынша әлемде ортақ пікір жоқ. Біз үшін бүгінде үлкен Еуразиядағы диалогты кешенді қайта жаңғырту қажет екені анық, - деді Дариға Назарбаева.         
Ал «Бірыңғай Грузия –Демократиялық қозғалыс» партиясының төрағасы Нино Бурджанадзе өз сөзінде күш-жігерді біріктіру қажеттігіне аса назар аударды.


Халықаралық ынтымақтастықты қолдау қажет және бұл тұста Қазақстан маңызды рөл атқарады. Мысалы, ядролық қаруға қатысты мәселелерде. Мен Грузияда вакцинация туралы ақпараттың дұрыс таратылмағанын байқадым, бұл пандемия салдарын күшейтеді. Сондықтан Қазақстандағы Ashyq сияқты белгілі бір жүйе қажет. Бізге үкіметаралық өзара іс-қимыл, COVID-19 таратпау жөніндегі үздік тәжірибемен бөлісу және бірлескен күш-жігерді үйлестіруге мән беру керек, - деді ол.
Өз кезегінде Еуразия шұғыласы» бестселлерінің авторы Бруно Масаеш Еуразияның ауқымды бөлігі кімнің ықпалында екені айқындалмағанын жеткізді.
Біз еуропалық және америкалық күштің құлдырауын көріп отырмыз, бірақ бұл коллапс емес. Алайда Ауғанстанда билік қайта бөлінді. Олар сол жерден кетіп қана қойған жоқ, сонымен қатар өз күшінің шектеулі екенін көрсетіп, ауған қоғамын өзгерте алмады. Мұның бәрінің салдары бар. Бұдан не түйдік? Жаһандық тәртіптің эрозиясын көрдік. Бүгінгі таңда түрлі орталықтар өзгелерге ықпал ету үшін бәсекелеседі, ал Еуразияның ауқымды бөлігі кімнің ықпалында екені айқындалмаған.Біз бүгін әлемге тек өз тарапымыздан ғана қарай алмаймыз, басқалардың пікірін ескеру қажет. Бұл, әсіресе, қуатты державалар үшін қиын. Қазақстан қалыптасқан ахуалға жан-жақты қарауға тырысатын ел, жаһандық деңгейдегі ойыншы. Пандемия бұл трендтті күшейте түсті, - деді ол.
Astana Club-тың кейбір отырыстарында талқылау «Chatham house» ережесіне сай, яғни жабық түрде өтті. Еуразия мен әлемнің аса маңызды мәселелері жіті және ашық талқыланды.

   АҚШ-Қытай текетіресі. Батыс vs Ресей

Екінші күн отырысын «АҚШ-Қытай текетіресі: әлем экономикасы мен геосаясатына әсерлері» және «Батыс vs Ресей: еуразиялық экономикалық одақ үшін салдарлары» тақырыптарына арналған сессиялар ашты.

Отырыс «Ауғанстан болашағы және оның орталық азия аймағына әсерлері» сессиясымен жалғасты.

Өз сөзінде Жаңа америкалық қауіпсіздік орталығының (CNAS) Үнді-Тынық мұхиты бағдарламасының директоры Лиза Кертис халықаралық қауымдастық Ауғанстанға гуманитарлық апатты еңсеруге көмектесуге тиіс екенін жеткізді.

23 миллион адамға азық-түлік қажет. БҰҰ мен гуманитарлық ұйымдар жағдайды шешуге қауқарсыз, - деді ол.

Италияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Франко Фраттини сессия қатысушыларының назарын, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Орталық Азия терроризмнен әлі де тиісті дәрежеде қорғалмағанына аударды.

Ресей өзіне аймақтағы жағдайды тұрақтандыру рөлін алғанына қарамастан, Ауғанстанмен шекаралас жерлерде әлі де шиеленіс ошақтары байқалуда, - деді ол.
Сарапшылар бүгінде Ауғанстанға гуманитарлық апатпен күресу үшін толық қолдау көрсету қажет екенін атап өтті. Бұл ретте көмектің Ауғанстан азаматтарына жетуін қамтамасыз ету маңызды.

Атлант кеңесінің аға ғылыми қызметкері, Энергетика және қауіпсіздік бағдарламасының (ITIC) директоры Ариэль Коэннің айтуынша, Қазақстан Таяу Шығыс елдері үшін тартымды серіктес.


Сондай-ақ Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау моделінің өзгелер үшін маңыздылығы бар, - деді ол.

РЭНД (RAND Corporation) корпорациясының халықаралық зерттеулер жөніндегі директоры Эван Фейгенбаум технологиялық ағындар туралы айтты.

 Біз бүгінде технологиялық ағындардың елеулі саяси процестермен байланысты екенін байқап отырмыз. Мен бұған секьюритизация процесі немесе техносфераға басты ден қою деп қараймын. Бүгінгі таңда деректер технологиялары, коммерциялық пайда емес, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан бағаланып  өңделеді. Меніңше, бұл қазіргі заманғы технологиялардың басты әлсіз тұсы, - деді Эван Фейгенбаум.

Ақпараттық қауіпсіздік форумының (ISF) басқарушы директоры Стив Дурбин барлық жерде ақпарат басымдыққа ие екенін айтты.

2025 жылға дейін адамзат күн сайын 500 зеттабайт ақпарат жасайды. Мен тәулігіне 500 зеттабайт – 500 миллион DVD диск қандай екенін елестетуден қорқамын, - деді ол.

Тәуелсіз Қазақстан мен Орталық Азия болашағы

«Астана клуб» отырысының үшінші күні "Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Назарбаев стратегиясы және Қазақстан мен Орталық Азияның болашағы" сессиясымен ашылды.

ҚР Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі, сессия модераторы Ержан Қазыхан ҚР Тұңғыш Президентінің елдің қалыптасуы мен халықаралық аренадағы беделін арттырудағы айрықша рөлін атап өтті.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығының арқасында Қазақстан Еуразияның ең қарқынды дамып келе жатқан елдерінің біріне айналды. Президент Назарбаев еліміздің әлемдік аренадағы жауапты әрі сенімді серіктес ретіндегі рөлін арттыру, ұлттық экономиканы адами капитал негізінде жаңғырту және 2050 жылға қарай ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жөнінде нақты мақсаттар қою үшін бар күшін салды. Мұны біз Назарбаевтың стратегиясы деп атаймыз, - деді ол.
Британ-Қазақстан қоғамының төрағасы, "FIRST" баспасының негізін қалаушы Руперт Гудман «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Назарбаев стратегиясы және Қазақстан мен Орталық Азия болашағы» сессиясында Ұлыбритания премьер-министрінің құттықтау сөзін оқыды. 
Мен Қазақстанды тәуелсіздігімен құттықтау лебізін жеткізгім келеді. Бұл үлкен жетістік.  Қазақстан дамып,  Еуразия орталығындағы мықты елге айналғанын көрдік. Келесі жылы дипломатиялық байланысымыздың 30 жылдығын атап өтеміз. Байланысымыз жаһандық пандемияға қарамастан, одан әрі дамитын болады, - делінген  Борис Джонсонның құттықтау сөзінде.

Сарапшылар Ядросыз әлем қалыптастырудағы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ерекше рөлін атап өтті.

Олардың пікірінше, Қазақстанның тәжірибесі геосаяси ахуалдың шиеленіскен жағдайында бұрынғыдан да өзекті.

 Назарбаев ядролық қарудың әлемдегі төртінші, ең ірі арсеналынан бас тарту туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл Қазақстан мен Орталық Азияға ядролық қарудан азат аймақ болуға мүмкіндік берді. Ол ядролық қарусыз әлемге бірінші болып ұмтылды. Қазір Қазақстан аймақтағы тұрақтылықты сақтауда негізгі халықаралық рөл атқарып отыр, - деді Руперт Гудман.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Норов Қазақстанның беделі туралы сөз қозғады.
Халықаралық аренада Қазақстан беделінің артуы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімімен байланысты. Ол халықаралық қауымдастық назарын аударған ауқымды инновациялық бастамалар мен  идеяларды көтерді,- деді.
Сондай-ақ ол Орталық Азияда жаңа мүмкіндіктер пайда болуда, аймақтың инвестициялық тартымдылығы артып келетінін айтты.
Талдау қорытындысына сәйкес,  алдағы 10 жылда аймақтағы шетелдік инвестиция көлемі 170 млрд долларға жетеді. Оның 70 млрд-ы шикізаттық емес саладан келуі мүмкін, - деп атап өтті.

Ядролық қауіпсіздік

Үшінші күн бағдарламасын Ядролық қауіпсіздік үшін Көшбасшылар жаһандық Альянсының «Түн ортасы аяқ басты: ядролық диалог бойынша әрекет уақыты» отырысы жалғастырды.

Отырыс барысында спикерлер әлемде ядролық державалар арасындағы шиеленіс артып келе жатқанын атап өтті. Ынтымақтастықтың орнына көптеген елдер мәселелерді біржақты шешуді жөн көреді.

Нобель сыйлығының лауреаты Мохаммед Эль-Барадей адамдар арасындағы ынтымақтастықтың орнына біржақты тәсілдерді, ұлтшылдықты және бір-біріне айып тағу қалыптасқанын айтты.

Осындай жағдайда қару-жарақты неғұрлым сапалы бақылауды қамтамасыз ету және ядролық қауіпсіздік мақсатына қол жеткізуге ықпал ету үшін нақты шаралар әзірлеу маңызды, - деді ол.
Ангела Кейн қазір әрекет етудің уақыты келді, біз қару-жарақты басқару архитектурасы іс жүзінде жоқ екенін көріп отырғанын айтты.


Өйткені өзара әрекеттесу, саяси ерік-жігер және келіссөз жоқ. Әскери бюджет мөлшері көбейіп келеді: жыл сайын шамамен 4% өсім байқалады, - деді Кейн.
Алтыншы "Астана клубының" отырысы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен пленарлық сессиямен аяқталады.

Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, «Астана клубы» беделді саясаткерлер, дипломаттар және дүниежүзілік деңгейдегі сарапшылар бас қосқан алаң ретінде халықаралық аренада бірегей орынға ие болып отырғанын атап өтті. Елбасы тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан даму жолында қол жеткізген негізгі жетістіктерге тоқталды.

Менің ойымша Еуразия экономикалық одағы, Еуропалық Одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және жақында ғана құрылған Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы тікелей байланысты дамытатын кез келді. Сондықтан біздің елдеріміз Еуразиядағы кооперацияның барлық мүмкіндіктерін талқылап, дамыта алатын «Үлкен Еуразия» төртжақты экономикалық форумын құруды ұсынамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ауғанстандағы күрделі ахуалды тұрақтандыру және ядролық қаруды таратпаудың нақты жұмыс тетігін әзірлеу үшін халықаралық деңгейде күш-жігер жұмылдыруға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық көшбасшылар альянсы стратегиялық шабуыл қаруларын жаппай қысқарту жоспарын талқылау және құру жолындағы негізгі алаңға әрі қозғаушы күшке айнала алатынына сенім білдірді. Сондай-ақ Елбасы Қазақстан астанасында Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі жаһандық форум өткізуді ұсынды.

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы