XXI ғасырда жұмыс істеп жатқан ол қандай кітапхана? – Аймағамбетов компьютері жоқ кітапхана туралы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі аппарат жиналысында айтты.
Министр білім беру ұйымдарындағы кітапханаларды қосымша әдебиеттермен толықтыру мәселесін көтерді.Халықаралық зерттеулерді алатын болсақ, оқу сауаттылығы бойынша мәселелер аз емес. Оны шешу үшін кітап оқу, әсіресе, көркем әдебиетті оқу бойынша ауқымды жұмыс атқаруымыз керек. Дегенмен кітапханалар қандай жағдайда, кітапхананың қоры, кітапханашылардың әлеуеті қандай деген сұрақтар бойынша проблемалар бар. Сондықтан осы сала үлкен өзгерістерді қажет етіп отыр, - деді Асхат Аймағамбетов.Бүгінгі таңда қазақ тілінде 70%-ға жуық оқушылар білім алуда.
Қазақ тілінде білім алушылар кітапханаларға келгенде қазақ әдебиеті бойынша тиісті әдебиет болуы керек. Ол әдебиет бүгін қолжетімді ме? Осы мәселені шешуіміз керек. Қазақ әдебиеті бірінші болса, екіншіден дүниежүзі әдебиеті де қолжетімді болғаны жөн. Ең бірінші кезекте қазақ тілінде, - деді министр.Оқушылардың қазақ әдебиетін ғана емес, дүниежүзілік әдебиетті де оқуға мүмкіндіктері болуы керек.
Балалардың көкжиегін кеңейтуіміз керек. Олар бір жағынан қазақ әдебиетімен, екінші жағынан дүниежүзілік әдебиетпен сусындап, дамулары қажет. Балалардың оқу үлгерімін, оқу сауаттылығын арттырудың бірден-бір жолы осы. Тәрбие жұмысы жаңа құндылықтарға негізделген тәрбие, жалпы тәрбие, мәдениет дегеннің бәрі кітаптан басталады, - деді министр.Сондай-ақ, министр кітапханашылардың жұмыс тәртібіне өзгеріс енгізу керектігін айтты.
Кітапханалар мен кітапханашылардың жұмыс істеу тәртібін өзгертуіміз қажет. Автоматтандырып, цифрландыруымыз керек. 8 өңірдің кітапханасында тіпті бірде-бір компьютер жоқ. XXI ғасырда жұмыс істеп жатқан ол қандай кітапхана?! – деді Аймағамбетов.Оқу залдары балаларға ыңғайлы болғаны дұрыс.
Жаңадан ашылып жатқан мектептерде, халықаралық мектептерде, жекеменшік мектептерде кітапханалар концепциялары мүлде бөлек. Қоңырау кезінде балалар кітапханаға барып, үлкен қызығушылықпен кітап оқиды. Ал қазір мектептерде балалар кітапханаларға бара ма? Ол кітапханалардың жағдайы қандай? Көбінде тіпті жиһазы да жоқ. Кейбірінде компьютері де, тіпті тиісті кабинеттері де жоқ. Осы мәселелерді қамтитын ортақ жол картасын дайындап, тез арада шешуіміз қажет, - деп айтты Асхат Аймағамбетов жиналыс кезінде.Кітапханалар жүйесін «Оқулық» орталығы үлестіреді. Республика ғылыми педагогикалық кітапханасы кітапханалар жұмысын ұйымдастырады. Ол 7 000 мектепті, 900-ге жуық колледждің, қажет болса ЖОО-ы кітапханалары бойынша тиісті ұйымдастырушы жұмысты жүргізеді.
Онымен қоса, Республика ғылыми кітапхана бойынша да ауқымды жұмыс жүргізіледі. Оның материалдық-техникалық базасы, кітапханашылардың біліктілік арттыру курстары және басқа да мәселелерін тез арада шешу бойынша министр тапсырма берді.
Жыл сайын мектептер кітапханаға міндетті түрде көркем әдебиеттерді алып отырулары керек. Тізімді бекеткен соң, ол бойынша қайта сатып алуды қолға алуға тиісті тапсырма беріледі. Биыл біршама енгізілген өзгеріс бойынша сатып алу жұмыстары жүргізіле бастады. Бірақ бұл да әлі жеткіліксіз, - деді ол.Аймағамбетов кітапханашылардың әлеуетін көтеру маңызды екенін айтты.
Біліктілік курстары, басқа да жұмыстар атқарылуы тиіс. Қазіргі таңда кітапханашылар көбінесе оқулықтармен ғана жұмыс істейді. Оқулықтарды алады, оларды таратады және өздерінде сақтайды. Алайда, мәселе тек қана оқулықта емес. Көркем әдебиетпен жұмыс істеу, балалардың қызығушылығын ояту, оларға қандай да бір кітаптарды ұсыну жұмыстары қолға алынуы қажет, - деді Асхат Аймағамбетов.Министрдің айтуынша, қазақ әдебиеті тек қана қазақ тілінде емес, ағылшын және орыс тілінде де көркем әдебиет болуы керек. «Үш тілде сөйлей алатын, үш тілде өзін еркін сезінетін азаматты дайындаймыз» деген ұстанымымыз бар. Одан ешкім ауытқып кетпейді. Сондықтан кітапханаларға ағылшын, орыс тілдерінде де тиісті, қажетті әдебиетті алу маңызды. Осы мәселелерді бірдей деңгейде орындауымыз керек.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Биыл балаларға қатысты жыныстық зорлық қылмысы 8%-ға артқан
Келесі жаңалық
“Жан Шуақ” сыйлығының лауреаттары марапатталды
Өзгелердің жаңалығы