XVI Еуразиялық медиа форум: Тұтыну дағдарысы тұрғындардың дағдысына тәуелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Тұтыну дағдарысы» – бүгін Алматыда өтіп жатқан XVI Еуразиялық медиа форумында талқыға түскен тегеурінді тақырыптардың бірі әрі бірегейі. Олай дейтініміз, жер бетіндегі халық саны тоқтаусыз артып келеді, ал дамыған мемлекеттер мен кедей елдердің табысындағы алшақтық тереңдей түсуде. 

Энергетикалық дағдарыс орын алуда, азық-түлік тапшылығы да алаңдатып отыр. Көптеген елдердің үкіметі «жасыл энергетиканы» дамыту жолдарын іздеуге кірісті. Адамзатқа төнген мұндай қауіптің алдын алу жолы қайсы, күнтәртібіндегі тұтыну дағдарысын еңсеретін амал-тәсілдер қандай? 

«Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы?» тақырыбына арналған медиа форумда осы сауалдар төңірегінде мазмұны терең пікірталқы өтті. Модератор – «Блумберг» ақпарат агенттігінің аймақтық директоры Тодд Баер (АҚШ). 


Тамақ қалдықтары және тұрақты даму жөніндегі сарапшы, LeanPath компаниясының вице-президенті Стивен Финн АҚШ-тағы тағам қалдықтарының бүгінгі ахуалы турасында айта келе, ондағы азаматтардың кез келген уақытта, күн-түн демей дүкеннен өзіне қажет тағамын сатып алатынын және бұл тағамды шектен тыс тұтынуға, ысырапқа әкелетінін жеткізді. Нәтижесінде тұрғындар елдегі жалпы тағам өндірісінің 30 пайызын қалдыққа тастайды екен. Ал әлем бойынша қалдық көрсеткіші 50 пайызға жеткен. Стивен Финнің ұйымы ссы көрсеткішті азайтуды мақсат еткен. Оның үстіне, АҚШ тұрғындарының тағам тұтыну (бұрыс) дағдысы басқа елдерге де көшіп жатқанын айтады Стивен. Сондықтан дүниежүзі бойынша тамақтану мәдениетін насихаттау керек. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) үйлестірушісі Хорхе Фонсека (АҚШ): «Дүниежүзі бойынша халықтың өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші төмендеуде. Өкінішке қарай, бұл тамақтану мәдениетімен тікелей байланысты болып отыр» дейді. 


Бұл орайда орталық барлау басқармасының бұрынғы басшысы (1993-1995), Gerie Energy Ltd компаниясының стратегиялық кеңесшісі Джеймс Вулси (АҚШ) жалпы тұтыну мәдениетін қалыптастыру жөнінде ой айтты. «Күн, су, жел энергиясын, табиғи газды тұтынуды дамытатын болсақ, ресусртарды пайдалануға деген көзқарас өзгеретін еді» дейді энергияны сақтау жөніндегі сарапшы. 

Жиында тұтыну дағдарысы дүниежүзі бойынша орын алып отырғаннан кейін, бұл проблеманы ғаламдық деңгейде шешуге тырысуымыз керектігі айтылды. «Кей мемлекеттерде семіздік көрсеткіші артып жатыр, ал кейбір аймақтарда аштықтың көлемі ұлғаюда. Судың, энергия көздерінің тапшылығы басым. Бұл проблемалардың шешімі табу үшін бірігуіміз қажет» дейді Стивен Финн. Ал Джеймс Вулси экологиялық өнімдерді өндіруге қуатты мемлекеттер экоөнімдерді дүниежүзі бойынша мұқтаж мемлекеттерге таратуды ұсынды. Әрі мұнайдың құнын түсіру туралы да жақсы мысал келтірді. Бұрынырақта тұз адамзат үшін аса құнды әрі қымбат дүние болған. Ұзақ жылдар бойы бір жағы азық, енді бір жағы сойылған малдың шикі етін сақтаудың тиімді тәсілі ретінде қолданыста болған. Тіпті, ағылшынның жалақы деген («salary» және «sold») сөзімен түбірі бір. «1900 жылдары электр жарығы пайда болғаннан бастап тұзға деген көзқарас, қарым-қатынас өзгере бастаған. Әйтпесе, мұздатқыш пайда болғанға дейін тұздың ғұмыры басқа болған еді. Қазірді тіпті құны жоқ. Жол мұз тайғақ бола қалса, жолға шашатын халге жетті. Дәл осылай мұнайды тұзға айналдырғымыз келеді» дейді Джеймс Вулси. Өзінің «Мұнайдың құны тұзға пара-пар» атты ғылыми мақаласында бұл мәселелер төңірегінде тұщымды әрі негізгі ұсыныстар жазғанын да жеткізді. 


Бұл басқосуда әлемдік проблемаларға қоғамның назарын аударуына журналистика елеулі үлес қосу керектігі де сөз болды. ElSurtidor редакторы Хасмин Акуния (Парагвай): «Әлем тұрғындарының басым бөлігі ғаламдық проблемаларға бүгінде бас қатырмайды. 

Журналист ретінде маңызды мәселелердің мән-мазмұнын қоғамның назарына ұсынудың жолын табуымыз қажет» деді. Ал «Ягран» компаниялар тобының вице-президенті, бизнесті дамыту және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Басант Рантор (Үндістан) дағдарыстың дұрыс жағын қарастыруға кеңес берді. «Бүгінде дағдарыс атаулысының түрі көп: энергетикалық дағдарыс, тұтыну тапшылығы және тағысын тағылар. Өйткені, дағдарыс дегеніміз дамудың қалыпты нәтижесі. Мұның дұрыс жағын да көре білуіміз қажет , мәселен, адамзаттың жаңа дәуірге бейімделу әрекеті, олардың осы мақсаттағы сауатты ұстанымдары ой салады» дейді стратег-маман. 

Мәжіліс барысында әлемдік және аймақтық деңгейдегі бірқатар өзекті мәселелер ортақ талқыға түсіп, қатысушылар тарапынан дүниежүзілік сын-қатерлер, заманауи технологиялардың тиімділігі, бүгінгі журналистің қызметі мен міндеті турасында ойлы сауалдар қойылды, сауатты жауап та берілді. 


XVI Еуразиялық медиа форумы 22-24 мамыр аралығында Алматыдағы TheRitz-CarltonAlmaty алаңында өтетін еске саламыз. «Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы?» тақырыбына арналған халықаралық шара шеңберінде әлемдік және аймақтық деңгейдегі бірқатар өзекті мәселелер ортақ талқыға түспек, атап айтсақ, дендеген дағдарыс үдерісі, тығырыққа тірелген тұтынушы «күйзелісі», медиа саланың цифрлануы, халықаралық құқық және сын-қатерлер, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектің кеңінен таралу тегеуріні турасында салмақты, ойлы пікірталқы өтеді. 

Орта Азиядағы негізгі әрі тәуелсіз пікір алмасу платформасы болып саналатын ЕМФ басты міндеті - саясаткерлер, журналистер және Қазақстандағы, Еуразиядағы және халықаралық қоғамдастықтағы геосаясат, экономика, әлеумет пен мәдениетті дамытуға мүдделі әртүрлі сала сарапшыларының еркін әрі ашық диалог құруына жағдай жасау.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы