“WTT Youth Contender Almaty”: Үстел теннисінен қазақстандық спортшылар топ жарды
Алматыда үстел теннисінен жасөспірімдер арасында халықаралық “WTT Youth Contender Almaty” турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Халықаралық турнирге Азия, Африка, Америка және Еуропадан келген 235 спортшы қатысып жатыр.
Бірінші ойын күні алаңға 17 жасқа дейінгі және 13 жасқа дейінгі жас санаттарындағы теннисшілер шықты. Бұл күні Қазақстан намысын 23 жасөспірім ұл және 21 қыз қорғады.
13 жасқа дейінгі жас санатында Арайлым Сапабек (жаттықтырушысы – Динара Қапанова) сәтті өнер көрсетті. Ол жартылай финалға дейін жетіп, қола медаль жеңіп алды.
13 жасқа дейінгі спортшылар арасында Нұрдәулет Азаматұлы (жаттықтырушысы – Кирилл Сотник) жоғары шеберлік, білім мен дағдысын көрсетіп, қола медаль жеңіп алды.
Сондай-ақ 13 жасқа дейінгі жас санатында Жәния Бекмұхамбетова (жаттықтырушысы – Юлия Даниярова) қола медаль иеленді.
“Үміт – Алан мен кішкентайларда” – ҚР жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы
Contender сериясындағы маңызды турнирдің алдында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Самат Бесенов команда құрамы, спортшылардың дайындығы және болашағынан зор үміт күттіретін ойыншылар туралы айтып берді.
Бұл турнир өте маңызды, орта деңгейден жоғары. Ол жасөспірімдер мен ересектердің әлемдік рейтингісіне жақсы ұпай береді, – дейді Бесенов.
Қазақстаннан кімдер қатысуда?
Қазақстан құрамасы турнирге барлық жас санаттары бойынша спортшыларын қатыстыруда: 11, 13, 15, 17 және 19 жасқа дейін. Әр санатта 12–14 ойыншыдан бар.
Команданың басты үміт артатын спортшылары қатарында:
• Алан Курманғалиев (U19) – құраманың көшбасшысы, жасөспірімдер мен ересектер ұлттық құрамасының ойыншысы;
• Жұмағұл Марлен (U11) – Түркістан қаласынан;
• Яковлев Олег (U13) – Қарағандыдан;
• Жәниябік Мұхаммедова (U13) – Қостанайдан, әлемдік рейтингте үздік 5 ойыншының қатарында.
“Ырымшылмыз, алдын ала ештеңе айтпаймыз, бірақ Алан мен кішкентай спортшылардан үлкен үміт күтеміз”, — деп күлімсірей айтты жаттықтырушы.
Бәсекелестер кім?
Басты қарсыластар – Азияның дәстүрлі түрде мықты құрамалары: Тайпэй, Гонконг, Үндістан. Биыл турнирге бейтарап ту астында өнер көрсететін ресейлік спортшылар да қатысады.
Не үшін күрес?
Кіші жас санаттарындағы ойыншылар халықаралық рейтинг пен тәжірибе үшін ойнайды, ал үлкен топта (U19) ақшалай жүлделер де бар.
Одан кейін не болады?
Турнирден кейін спортшылар өз аймақтарына оралады. Жоспар – физикалық дайындықты күшейту.
Жылдың басты жарысы – қарашада Румынияда өтетін жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты. Қазақстаннан бұл турнирге тек Алан Курманғалиев қатысады.
Мұндай турнир тек ойыншылар үшін ғана емес, жас жаттықтырушылар үшін де өте пайдалы. Олар заманауи үстел теннисінің стилі мен техникасын көріп, оны өз жаттығу жүйесіне енгізе алады, – деп түйіндеді бапкер.
Алан Кұрманғалиев: Ең бастысы – жеңіске жету
ҚР жасөспірімдер құрамасының үздік ойыншыларының бірі Алан Құрманғалиев WTT Youth Contender турниріне дайындығы, күн тәртібі және алдағы жоспарлары жөнінде айтып берді.
Арнайы дайындалмадым, күнтізбе тым тығыз. Алдыңғы турнирден кейін үйде төрт күн ғана жаттығып, бірден осында келдім, – деді Кұрманғалиев.
Бұған дейін Алан Алматыда өткен жарысқа қатысып, командасымен бірге бірінші орын иеленген. Қазір ол жеке жарысқа дайындалып жатыр.
Кіммен ойнайтыным маңызды емес. Ең бастысы – жеңіске ұмтылу, – дейді спортшы.
Алан Құрманғалиев бірден екі санатта – 19 жасқа дейінгілер арасында және ересектер құрамасында өнер көрсетеді. Ол бұған дейін де халықаралық деңгейдегі жарыстарда жасөспірімдермен де, ересектермен де бақ сынап үлгерген.
Ересектер арасындағы турнирлер қиындау: деңгейі жоғары, ойыншылардың ойлау жүйесі басқаша, ойындары да әлдеқайда жетілген. Бұл менің өсуіме көмектеседі. Үлкен тәжірибе жинадым, – деп бөлісті ол.
Ол Қарағанды қаласының тумасы жергілікті залында жаттығады.
Мүмкіндік болып жатса, Еуропаға барып тұрамын. Ондай тәжірибе үлкен пайда әкеледі әрі ойынға жаңа көзқарас қалыптастырады, – дейді теннисші.
Жуырда Қазақстан құрамасы Алматыда 8 күндік оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жазғы турнирлерге дайындық сол жерде жүргізілді. Алайда, тығыз кестеге байланысты Алан осы турнирге арнайы дайындалып үлгермеген.
“Мақсат – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты”
Күзде Румынияда жасөспірімдер арасында өтетін әлем чемпионаты Аланды күтіп тұр. Маңызды жарысқа қарамастан, ол әзірге арнайы дайындықты бастаған жоқ.
Қазірше ертерек. Бірақ сол уақытқа дейін дайын боламын, – деп сенімді айтты ол.
Алматыдағы турнирден соң Алан 5–6 күн демалып, содан кейін жарыстарға қайта оралуды жоспарлап отыр. Келесі турнир Еуропада өтуі мүмкін, алайда нақты уақыт пен орны әзірге белгісіз.
Алан Құрманғалиев – Қазақстан жасөспірімдер құрамасының басты үміттерінің бірі. Оған алдағы турнирде сәттілік тілейміз және табысты маусым болсын деп үміттенеміз!