WTA теннисшілерге биологиялық жынысын растауды міндеттеді
Бұған дейін осындай талаптарды халықаралық бокс және жеңіл атлетика ұйымдары да енгізген болатын.
Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) әйелдер арасындағы жарыстарға қатысатын спортшыларға биологиялық жынысын растау талабын енгізді. Жаңа ережелер 21 шілдеден бастап күшіне енді.
WTA-ның жаңартылған регламентіне сәйкес, теннисшілер ағзаның жыныстық дамуына жауап беретін SRY геніне бір реттік тест тапсыруы тиіс. Тексеру ұрттың ішкі бетінен жағынды алу, қан немесе сілекей үлгісі арқылы жүргізіледі.
Қауымдастық мәлімдемесінде бұл мәселенің күрделі әрі сезімтал екені атап өтілген.
«WTA бұл нәзік әрі күрделі мәселе екенін мойындайды және барлық ойыншыға құрметпен қарауға, сондай-ақ бұл саясатты әдептілікпен және жауапкершілікпен жүзеге асыруға міндеттенеді», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ұйым жаңа саясаттың мақсаты әйелдер арасындағы кәсіби теннисте тең әрі әділ бәсекелестік жағдайын қамтамасыз ету екенін мәлімдеді.
Бұған дейін осындай талаптарды халықаралық бокс және жеңіл атлетика ұйымдары да енгізген болатын. Бұл шешімдер спорт қауымдастығында қызу пікірталас пен сынға себеп болған.
Айта кетейік, WTA-ның бұрынғы ережелері бойынша трансгендер әйелдерге тестостерон деңгейін белгіленген шектен төмен деңгейде кемінде екі жыл сақтаған жағдайда жарыстарға қатысуға рұқсат етілетін. BBC News мәліметінше, қазіргі уақытта мұндай спортшылардың WTA турнирлеріне қатысып жүргені туралы ақпарат жоқ.