WRO-2022: Елордада робототехникадан республикалық чемпионат басталды

Нұр-Сұлтан,BAQ.KZ тілшісі. Елордада мектеп оқушылары арасында робототехника бойынша республикалық чемпионат басталды. 

Айта кетерлігі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ – 2014 жылдан бастап аталған чемпионатты ұйымдастырып келеді. 

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, World Robot Olympiad-2022 чемпионаты «Менің роботым – менің досым» деген атаумен роботтарға арналып отыр. 

Төрт санат бойынша өтетін олимпиадаға қатысушылар жас ерекшеліктері бойынша үш топқа бөлінген. 

Додаға өңірлік жарыстардың нәтижелері бойынша аймақтан 109 команда жолдама жеңіп алыпты. Олардың дені 10-19 жас аралығындағы 6-11 сынып оқушылары. Жартысынан астамы – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім алушылары. 

Биылғы чемпионаттың ауқымы өте кең. Оған еліміздің барлық өңірлерінен дарындар қатысып отыр. Әсіресе ауыл мектептерінен оқушылардың қатысуы көңіл көншітеді. Қазіргі таңда көп мектептерде робототехника дамып жатыр. ХХІ ғасыр – ол техника дамыған дәуір болғандықтан, адам өмірінде компьютер мен робототехниканың алар орны ерекше. Сол себепті робототехника – әлемдегі зерттеулердің басым бағыты. Бүгінгі чемпионаттың басты мақсаты – роботтың адамзатқа қалай қызмет ететіндігін көрсету, - деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев чемпионаттың ашылу салтанатында.

Чемпионат қатысушыларын республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы, домбырашы Мирхан Қапаров робот бейнесінде күй тартып, құттықтады. 

Робототехника мен жасанды интеллект кұн санап әлемді өзгертіп жатқаны белгілі. Дүбірлі байқау да роботтардың адамзатқа қалай қызмет ете алатындығын көрсетіп, оны қалай қауіпсіз етуге болатындығын ұғындыруды басты міндет етіп алған. 

Соңғы рет аталған чемпионат 2018 жылы офлайн форматта өткен еді. Көңіл қуантарлығы, сол жылы олимпиадаға қатысқан кей дарындар бүгін чемпионатқа жаттықтырушы ретінде қатысып, оқушыларын үкілеп қосып отыр. Бұл олимпиадамыздың жылдан-жылға кең ауқымға ие болғанының белгісі. Келешекте роботтар адамның көмекшісі ғана емес, досына айналуы мүмкін, - деді Ақпараттық технологиялар және сервис орталығы директорының орынбасары Азамат Биданов. 

Жарыс қатысушылары чемпионат ережесіне сай күнделікті өмірде адамға қамқорлық танытып, құтқара алатын немесе қызмет көрсететін роботтарды құрастырып шығарулары керек. 

Екі күнге жалғасатын республикалық олимпиаданың қорытындысына сәйкес ең жоғары ұпай жинаған команда күзде Германияның Дортмунд қаласында өтетін WRO-2022 халықаралық кезеңіне жолдама алады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы