Қазақстандық мұғалімдер «Әлемнің үздік ұстазы» байқауына қатыса алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық ұстаздар өздерін «Әлемнің үздік ұстазы» байқауына және 1 млн АҚШ доллары көлеміндегі сыйлыққа ұсына алады.
«Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығы – еліміздің ағарту саласына зор үлес қосқан ұстазға 10 000 АҚШ доллары көлемінде жыл сайын тағайындалатын марапат. Сыйлықты тағайындаушы – «Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры» ЖҚ, ол «Әлем ұстазы» жаһандық сыйлығының ресми серіктесі.
Қордың баспасөз қызметі хабарлағандай, ақшалай сыйлық қоры 1 млн АҚШ долларын құрайтын «Әлемнің үздік ұстазы» жаһандық сыйлығының іріктеу турына жеңімпаздардың өтінімдері жіберіліп, 9 үздік финалшы қатысады.
Сыйлыққа педагогтің өзі, сол сияқты оның шәкірттері де өтінім бере алады.
Мұғалімнің өзі өтінім беруге қысылатын, ал оны шәкірттері сыйлыққа лайық деп санайтын жағдайлар да кездеседі. Мұндай жағдайда оқушылар өздерінің сүйікті ұстазының әлемге танылуына мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.
Байқауға қатысу үшін педагогтарға 1 қазанға дейін www.teacherprize.kz ресми сайтындағы сауалнаманы толтыру қажет.
Егер сен оқушы болсаң және өз мұғаліміңді марапатқа ұсынғың келсе, ұстазыңның үздік қасиеттері туралы видео және фотоматериал түсіріп жібере аласың. Өз видеоролигіңді мектеп мұрағатындағы материалдармен монтаждауға болады және педагог жеңіп шыққан жағдайда ол бүкіл әлемде көрсетіледі, - деп жазылған қордың хабарламасында.
Жеңімпаз бен 9 финалшыны қараша айында білім және экологиялық мәдениет жөніндегі форумның салтанатты жиынында жариялайды.