World Robot Olympiad халықаралық олимпиадасы басталды
Алматы қаласында робототехникадан World Robot Olympiad халықаралық олимпиадасының республикалық кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Командалар адамзат пен табиғаттың бір-біріне қалай әсер ететінін зерттеп, роботтар арқылы адамдардың табиғатпен қалай үйлесімді өмір сүре алатынын анықтады.
Жас ғалымдардың бірі Ельдар Жалғасбек пен Мақсат Жиденов өздерінің экологияға пайдасын тигізетін жобаларын таныстырды.
Біз осы жұмысымызды экологияға арнадық. Робот суды тазалайды. Каспий теңізінде және басқа да өзендерде тұрады. Шедрлер айналады сосын контейнерге түседі. Ол толған соң, Роборука оны кемеге салатын болады. Кеме фабрикаларға апарып, қоқыстан жаңа зат жасайтын болады. Ол заттар сатылып, экологияға да, экономикаға да өз үлесін қосады. Біз бұл құрылғыны 3 күннің ішінде жасап шықтық. Бұл ой америкалық ютубердің видеосын көргеннен пайда болды. Бірақ оның механизмі басқаша, ал біздікі мүлдем басқа, - деді құрастырушылар.
Олимпиадаға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам оқушы қатысып жатыр.
Жеңімпаздар халықаралық олимпиадаға жолдама алады. Биылғы маусымның тақырыбы – «Жер-Ана қамқоршылары». Балалар өз жобаларында жерді, табиғатты, суды сақтау, қоқыстан тазарту, пластикалық өнімдерді өндірістен өткізіп, екінші қолданысқа беру тақырыбында балалар өз ойларын білдіреді. Олимпиадаға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам оқушы RoboMission, Future Innovators, RoboSports және Future Engineers санаттарында бақ сынайды. Балалар қоршаған ортаны қорғауға, қауіпті немесе климаты қатал жерлерде өмір сүруге көмектесе алатын роботтар әзірлейді, - деді Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ермек Пайзов.