"World Dombyra Festival" жобасына әлемнің 25 елінен этникалық қазақтар қатысты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл 20 маусым мен 5 шілде аралығында Әлішер Тұрсын жетекшілік ететін "QazAlliance" шетелдегі қазақстандықтар альянсы "World Dombyra Festival" атты жаһандық жоба өткізді.
Оның 1-кезеңінде жергілікті жерлерде фестиваль және түсіру жұмыстары жүргізілсе, 20.06.20 - 4.07.20 аралығында, яғни 2-кезеңде фестиваль қорытындысы бойынша - 5 шілдеде бейнеклип шығарылымы жоспарланды.
Айта кетейік, "QazAlliance"-ті шет елдердегі қазақстандықтар Альянсы құрған. Бұл жобаға "ҚазАқпарат" ХАА ақпараттық серіктес ретінде қолдау көрсетсе, Алмаз Түленов бастаған Kusto Group компаниясы демеушілік жасады.
"World Dombyra Festival" жобасына әлемнің 25 елі мен 36 қаласынан қазақстандықтар мен этникалық қазақтар қатысты. Олардың барлығы дерлік домбыра шеберлері. QazAlliance өкілдерінің айтуынша, бұл фестиваль Ұлттық домбыра күніне орайластырылған және дәстүрлі түрде өтуге мүмкіндігі бар екенін жеткізу керек. Сол себепті "World Dombyra Festival" жобасын жыл сайын өткізу жоспарлануда екен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның мақсаты - шет елдерде Қазақстанның имиджі мен мәдениетін таныту, өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар мен ұлттық өнерге баулу және оларға ұлттық бірегейлігімізді дәріптеу, - делінген хабарламада.
Жобаның ең тамаша тосынсыйы еліміздің жарық жұлдызы Димаш Құдайбергенге арналған "Димаш Байжұма" күйі болды. "World Dombyra Festival" жобасына Ресейдің Алтай Республикасынан қатысушы Жанайдар Нұрсалиев, осылайша, Димаштың құрметіне күй арнап, барлық қазақстандықты және Димаштың өнеріне тәнті жанкүйерлерді ("Dears") ерекше қуаныш пен шаттыққа бөледі.
Естеріңізге сала кетейік, "QazAlliance" шетелдегі қазақстандықтар альянсы 2015 жылы құрылып, бүгінде әлемнің 20-дан астам елінде өкілдігі жұмыс істейді. Сондай-ақ, шет елдердегі қазақстандықтардың ұйымдары мен бірқатар қазақстандық студенттің қауымдастығын біріктіреді. Альянс президентінен бастап мүше болған барлық патриот тегін қызмет істейді. Бұлар - жұмыстары мен сабақтарынан тыс уақыттарын шетелде Қазақстанға пайдалы жобаларды жүзеге асыруға арнайтын еріктілер.
"QazAlliance" шетелдегі қазақстандықтар альянсының мақсаты мен миссиясы - шет елдерде жүрген Қазақстан азаматтарының Қазақстанның мемлекеттігін арттыруға, оның тәуелсіздігі мен егемендігін нығайтуға бағытталған күшін біріктіруге атсалысу, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың прогрессивті және бейбітсүйгіш бастамаларын, халықаралық және ұлттық дамуға бағытталған жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға атсалысу, өз мүшелерінің бірігуі мен белсенділігін арттыруға жағдай жасау, жан-жақты ынтымақтастықты дамыту пен өзара байланысты нығайту, шетелде уақытша немесе тұрақты жүрген Қазақстан азаматтарының белсенділігін еліміздің тұрақты дамуы жолында арттыру және олардың күштерін біріктіру. Сонымен қатар, Қазақстанның мықты мемлекет болуына қолғабыс жасау және "Мәңгілік ел" идеясы мен құндылықтарын, "Қазақстан 2050" Стратегиясының идеологиясы мен міндеттерін өрістету, - делінген хабарламада.