"World Dog Show-2023" дүниежүзілік чемпионатына қазақтың тазысы қатысады

Бүгін Женевада Халықаралық кинологиялық федерациясы Бас ассамблеясының отырысы басталды. Жиында талқыға шығарылған мәселелердің бірі ретінде Қазақстан кинологтары одағын Федерацияның толыққанды мүшелігіне қабылдау қарастырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Дауыс беру рәсіміне 77 мемлекет қатысады. Қазақстанның үміткерлігіне қатысты оң шешім қабылдануы үшін олардың басым бөлігі қолдау білдіруге тиіс.

Қазақстан кинологтары одағы үшін FCI мүшесі болу өте маңызды болмақ, себебі мүше мемлекет ретінде қазақы ит тұқымдары тазы мен төбетті халықаралық деңгейде таныту үшін федерацияға өтініш бере алады.

Екі күнге созылған Бас ассамблеяның отырысынан кейін "World Dog Show-2023" дүниежүзілік чемпионаты басталады. Тарихта алғаш рет бұл чемпионатқа Қазақстаннан барған тазы тұқымды екі ит қатысады.

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті мемлекеттік органдарға ұлттық ит тұқымдары – қазақы тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ оларды төлтума қазақы ит тұқымдары ретінде халықаралық деңгейде танытуды тапсырған болатын.

Бұл мәселені ҚР Президенті Іс басқармасы өз қарауына алып, жұмысты жүйелі түрде шешу үшін мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестірумен шұғылданды. Президент тапсырмасы бойынша тиісті Жұмыс тобы құрылып, Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілетті орган ретінде айқындалды, - деп хабарлады "Қазақстан кинологтары одағы" РҚБ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: "Қазақстан кинологтары одағы" РҚБ
Өзгелердің жаңалығы