World Aquatics 2026 қатысушыларына Астана қандай әсер қалдырды?
Астанада өтіп жатқан жүзуден World Aquatics 2026 Әлем кубогінің финалдық кезеңіне қатысушылар елорданың көрікті жерлерін аралап, қаланың туристік нысандарымен танысты.
Шетелдік спортшылар «Бәйтерек» монументін, Тәуелсіздік алаңын, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейін және «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын тамашалады.
Биыл Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған World Aquatics Әлем кубогінің финалдық кезеңіне әлемнің 39 елінен спортшылар қатысып жатыр. Халықаралық жарыс елордаға шетелдік спортшылармен қатар жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің де келуіне мүмкіндік берді.
Бұл өз кезегінде оқиғалық туризмді дамытуға, қонақүйлерге, көлік қызметтеріне, экскурсиялар мен басқа да туристік қызмет түрлеріне сұранысты арттыруға ықпал етеді.
Спорттық жарыстар туризмді дамытуға серпін береді
Шетелдік қонақтар Астананың заманауи сәулетіне, қаланың абаттандырылуына, қазақстандықтардың қонақжайлығына және елдің мәдени мұрасына қызығушылық танытты.
Сонымен қатар халықаралық жарыстарға қатысатын спортшылар Қазақстанды шетелде танытуға да үлес қосып келеді. Олар әлеуметтік желілерде елордадан алған әсерлерімен бөлісіп, еліміздің туристік мүмкіндіктерін халықаралық аудиторияға танытуға ықпал етеді.
Биыл Туризм және спорт министрлігі өңірлерге туристер тарту және оқиғалық туризмді дамыту мақсатында ірі іс-шаралар күнтізбесін бекіткен. Осы бағыттағы ақпараттық жұмыстар мен өңірлермен бірлескен іс-қимыл іс-шараларға келушілер санын арттыруға бағытталған.
Министрлік алдағы уақытта туристік іс-шаралар күнтізбесін Қазақстанда өтетін ірі халықаралық спорт жарыстарының кестесімен үйлестіруді қарастырып жатыр. Бұл спорттық бәсекелерді мәдени және туристік іс-шаралармен қатар өткізуге мүмкіндік береді.
2027 жылы Қазақстанда бірнеше әлем чемпионаты өтеді
Алдағы жылдары Қазақстанда халықаралық деңгейдегі бірқатар ірі спорттық жарыс ұйымдастыру жоспарланған. Атап айтқанда, 2027 жылы елімізде спорттың алты түрінен әлем чемпионаттарын өткізу көзделіп отыр.
Астанада үстел теннисі мен дзюдодан әлем чемпионаттары өтеді. Сонымен қатар елордада қазақ күресі, бокс және таеквондодан әлем чемпионаттарын ұйымдастыру жоспарланған. Ал Алматыда стенд атудан әлем чемпионаты өтеді. Бұдан бөлек, Қазақстанда УЕФА конгресі ұйымдастырылады.
Халықаралық жарыстарды өткізу елдегі спорттың дамуына ғана емес, Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыруға, халықаралық беделін нығайтуға және қызмет көрсету саласын дамытуға да ықпал етеді.
Спорттық жарыстарды мәдени іс-шаралармен ұштастыру арқылы шетелдік қонақтарға Қазақстанның көрікті жерлерін аралап, ұлттық дәстүрлерімен танысуға және мәдени мұрасын жақынырақ тануға қосымша мүмкіндік жасау көзделген.