Түркістанда көпқабатты тұрғын үйлер қысқы маусымға толық дайын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысындағы бюджеттік мекемелердің, жылу беретін кәсіпорындардың және тұрғындардың тұрмыстық-шаруашылық жағдайлардағы көмір отынына жалпы қажеттілігі 1 003,3 мың тоннаны құраса, бүгінде соның 600,2 мың тоннасы немесе 60%-ы тасымалданған. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Әбілхан Әбдіқадыров мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2623 бюджеттік мекеме жылу маусымына толық дайындалып, оларға қажетті 167,4 мың тонна көмір отыны және 5 420,6 мың литр сұйық отынмен толық қамтылған.

Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін мекемелерде жалпы 38 қазандық болса, бүгінгі күнде оның 32-сі жылыту маусымына толық дайын. Ал қалған 6 қазандықтың күрделі жөндеу жұмыстары биыл 15 қазанда аяқталады. Жалпы облыс бойынша 1475 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 586-сы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген. Барлық үй 100 пайыз қысқы маусымға дайын, – деді Әбілхан Әбдіқадыров.

Негізінен жалпы тұрғындардың көмірге деген қажеттілігі 732,2 мың тонна болса, соның 415 мың тоннасы тасымалданған. Теміржол стансасы қоймаларындағы 1 тонна көмір 11 500-16 500 теңге аралығында саудалануда.

Ал мазут отыны бойынша қажеттілік көлемі 9,6 мың тонна. Бүгінде 15 қазаннан​ бастап тасымалдау жөнінде тасымалдаушы мекемелермен тиісті келісімшарт жасалған.

Облыстың жылу беру дайындығына апта сайын және тұрғындарды көмір отынымен қамтамасыз ету бойынша күн сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы