Wildberries қоймасына жасалған шабуыл: Қазақстандықтардың тапсырыстары кешіге ме?
Сарапшылар Ресейдің ең ірі маркетплейсіне жасалған шабуыл қазақстандық кәсіпкерлердің жұмысына қалай әсер ететінін айтты.
Ресейдегі Wildberries компаниясының ірі логистикалық қоймаларына жасалған дрон шабуылы Қазақстандағы электронды сауда мен логистика саласына да әсер етуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, шабуыл салдарынан жеткізу құны қымбаттап, тауар бағасы өсуі, ал ресейлік маркетплейстер арқылы жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпкерлер қосымша тәуекелге тап болуы ықтимал. BAQ.KZ тілшісі бұл мәселеге қатысты экономист мамандардың және логистика саласының сарапшысының пікірінін білді.
Қазақстан үшін туындайтын мәселелер
Экономист Бауыржан Ысқақовтың сөзінше, Ресейдегі Wildberries компаниясына жасалған шабуыл тек бір компанияның мәселесі емес.
Wildberries - Ресейдегі ең ірі маркетплейс. Оған миллионнан аса сатушы тәуелді. Сондықтан мұндай оқиғалар электронды сауда жүйесіне жеткізу тізбегіне және трансшекаралық саудаға әсер етуі мүмкін. Шабуылдан кейін компания бірнеше қоймасының жұмысын уақытша тоқтатты. Зардап шеккендер де болды. Ресей билігі экономикалық зардап барын ресми мойындады, - дейді экономист.
Сарапшының сөзінше, ең алдымен бұл оқиға логистикалық тізбектің бұзылуына әкеледі. Себебі ірі сұрыптаулар істен шықса, миллиондаған тапсырыстардың өңделуі баяулайды.
Wildberries-пен жұмыс істейтін мыңдаған кәсіпкер сатылымның уақытша төмендеуіне ұшырауы мүмкін. Қойма мен тауар шығындары болады. Өрттен бүлінген немесе жойылған қоймаларды қалпына келтіру бойынша шығындарды талап етеді. Сақтандыру мен қауіпсіздік шығындарының өсуі де бар. Компаниялар қауіпсіздік шығынға инвестиция салуға мәжбүр болады. Инфрақұрылым мәселесі пайда болады. Яғни қоймаларды басқа көшіру немесе резервтік логистикалық орталықтарды ашу қажеттігі туындайды, - дейді Бауыржан Ысқақов.
Экономистің сөзінше, Ресейдегі электронды коммерция өте жылдам өсіп, экономиканың маңызды секторына айналған. Сондықтан мұндай инфрақұрылымдық шабуылдың әсері жеке компаниялармен ғана шектелмейді.
Қазақстандағы Wildberries компанияларына әсерін айтар болсақ, қысқа мерзімде: кейбір тауарлардың жеткізілуі кешігуі мүмкін. Тапсырыстарды қайта бағыттау салдарынан логистикалық шығындар өседі, қоймадағы тауар қалдықтары уақытша жетіспеуі мүмкін. Ал ұзақмерзімде: кәсіпкерлер бір ғана маркетплейске тәуелді болмауға тырысады. Қазақстан үшін қойма ашуға қызығушылық артуы мүмкін және тәуекелдерді әртараптандыру бизнес стратегиясының маңызды бөлігіне айналады, - дейді маман.
Логистика қымбаттап, тауар бағасы өсуі мүмкін
R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, Ресей арқылы өтетін логистикалық бағыттардың бұзылуы Қазақстанға да әсерін тигізеді.
Бұл жағдай жалпы электронды коммерцияға кері әсер етеді. Әсіресе Ресеймен тығыз байланыста жұмыс істейтін бизнеске ауыр соққы болуы мүмкін. Қазақстанға келетін көптеген тауар Ресейдегі логистикалық тізбек арқылы жеткізіледі. Сондықтан мұндай оқиғалар Ресей бизнесіне ғана емес, қазақстандық кәсіпкерлерге де ішінара әсер етеді, – деді сарапшы.
Оның сөзінше, кез келген форс-мажорлық жағдай логистикалық шығындарды арттырады, ал бұл түптің түбінде жеткізу құнының және тауар бағасының өсуіне алып келеді.
Әсіресе Ресеймен жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қиын болады. Кейбірі табыс көзінен айырылып қалуы да мүмкін. Өйткені бүгінде көптеген компания өнімін тек маркетплейстер арқылы сатып отыр. Егер кәсіпкердің дүкені де, өзге сату арналары да болса, тәуекелі аздау. Ал тек Wildberries немесе Ozon арқылы жұмыс істейтін бизнес үшін қауіп әлдеқайда жоғары, – деді Арман Байғанов.
Оның айтуынша, әскери қақтығыс жалғасып, логистикалық нысандарға шабуыл қайталана берсе, бұл электронды сауда саласында белгісіздікті күшейтеді.
Мұндай тәуекелдер жеткізілетін тауарлардың қымбаттауына әсер етеді. Сонымен қатар банктер де электронды коммерциямен айналысатын кәсіпкерлерге несие беруге сақтықпен қарай бастайды. Өйткені маркетплейстердің жұмысы қайтадан тоқтап қалса, кәсіпкерлердің міндеттемелерін орындамау қаупі артады, – деді ол.
Wildberries пен Ozon-ның Қазақстан нарығындағы үлесі жоғары
Арман Байғановтың мәліметінше, 2025 жылы Қазақстандағы ірі маркетплейстер бюджетке шамамен 211 млрд теңге салық төлеген. Оның ішінде Wildberries – шамамен 58 млрд теңге, ал Ozon – 15 млрд теңгеге жуық салық аударған.
Осы көрсеткіштердің өзінен-ақ Wildberries-тің Қазақстандағы электронды саудадағы үлесі өте жоғары екенін көруге болады. Ол барлық электронды сауданың шамамен 27 пайызын қамтиды. Егер Ozon-ды қоссақ, ресейлік екі маркетплейстің үлесі 32-33 пайызға, яғни нарықтың үштен біріне жуықтайды. Сондықтан тәуекел өте жоғары, – деді қаржы кеңесшісі.
Оның пікірінше, шабуылдар жалғаса берсе, болашақта Ozon да осындай қауіпке тап болуы ықтимал.
Егер мұндай жағдайлар қайталанса, Ресейдің қатысуымен жүзеге асатын электронды сауда уақытша тоқтап қалуы да ғажап емес. Себебі кәсіпкерлер өз қаражатын қатерге тіккісі келмейді. Ал тұтынушылар жеткізілімге күмәнданса, Wildberries пен Ozon арқылы тапсырыс беруден бас тарта бастайды. Мұның бәрі ресейлік маркетплейстердің қатысуымен жүзеге асатын электронды сауда көлемінің қысқаруына әкелуі мүмкін, – деді Арман Байғанов.
Кәсіпкерлер миллиардтаған шығынға ұшырауы мүмкін
Логистика саласының маманы Руслан Диханбаев та Ресей мен Украина арасындағы соғыс Қазақстан экономикасына тікелей әсер етіп жатқанын айтты.
Қалай болғанда да Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс Қазақстандағы баға саясатына ықпал етеді. Себебі Қазақстанның осы екі елмен тауар айналымы миллиардтаған доллармен есептеледі, – деді ол.
Маманның айтуынша, соңғы кезде мұнай өңдеу зауыттары мен Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдардың салдары Қазақстандағы тауар бағасының өсуіне себеп болуы мүмкін.
Қазірдің өзінде Ресейден жеткізу құны бірнеше есе қымбаттады. Көптеген тасымалдаушылар мен жүк көлігі иелері өз көлігінен және клиенттердің жүгінен айырылып қаламыз деп қауіптеніп, Ресей қалаларына жүк тасымалдаудан бас тартып жатыр, – деді Руслан Диханбаев.
Оның сөзінше, шабуылға ұшыраған қоймаларда тауарлары болған кәсіпкерлер елеулі шығынға батуда.
Wildberries-пен жұмыс істейтін кәсіпкерлердің тауарлары жойылды немесе жоғалды. Бірақ әзірге мұндай жағдайда шығынды өтейтін нақты өтемақы қарастырылмаған. Сондықтан бизнес үлкен шығынға ұшырап отыр. Оның үстіне көптеген кәсіпкер несие қаражатына жұмыс істейді. Бір жағынан банктер алдындағы міндеттемелері бар, екінші жағынан тапсырыстар уақытында жеткізілмей жатыр. Мұның бәрі олардың қаржылық жағдайын күрделендіреді, – деді ол.
Логистика маманы алдағы жағдайдың қалай өрбитінін әзірге болжау қиын екенін айтты.
Болашақта не болатынын уақыт көрсетеді. Бірақ қазіргі ахуалдың өзі Қазақстандағы логистика мен электронды саудаға әсер етіп жатқанын байқап отырмыз, – деп түйіндеді Руслан Диханбаев.