31 Шілде 2026, 15:39 Фото: ©️ BAQ.KZ коллажы

Wildberries қоймаларына жасалған шабуыл: Қазақстандық кәсіпкерлер миллиардтаған теңге шығынға батты

Маркетплейс қоймаларына алғашқы шабуыл 18 шілдеде жасалды.

Ресейдегі ең ірі маркетплейстердің бірі Wildberries-тің логистикалық орталықтарына жасалған дрон шабуылдары енді тек Ресейдің ғана емес, Қазақстанның да бизнесіне әсер ете бастады. Алдын ала мәлімет бойынша, қоймалардағы тауарлары жойылған қазақстандық кәсіпкерлердің шығыны 1 миллиард теңгеден асты. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап берген Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мәлімдеді.

Wildberries қоймаларына шабуылдар күшейді

Wildberries логистикалық орталықтарына алғашқы жаппай шабуыл 2026 жылғы 18 шілдеде жасалды. Сол кезде Тамбов облысындағы Котовск пен Мәскеу облысындағы Электросталь қалаларындағы нысандар дрондардың нысанасына айналды.

Арада бірнеше күн өткен соң, 22 шілдеге қараған түні компанияның қоймаларына тағы да шабуыл жасалды. Краснодардағы логистикалық орталықта 10 адам, Невинномысскіде 5 адам зардап шекті. Бірқатар нысанда өрт шығып, жергілікті деңгейде төтенше жағдай режимі енгізілді.

Ал 31 шілдеге қараған түні Волгоград пен Татарстанның Зеленодольск қалаларындағы Wildberries логистикалық кешендеріне соққы жасалды. Волгоградтағы шабуылды компанияның өзі растады. 

Компания басшысы не деді?

Wildberries негізін қалаушы әрі бас директоры Татьяна Ким Санкт-Петербург маңындағы Шушары, Уткина Заводь және Симферопольдегі қоймаларға жасалған шабуыл кезінде қойма аумағы мен тауарлардың бір бөлігін сақтап қалуға мүмкіндік болғанын айтты.

Оның мәліметінше, барлық нысанда қызметкерлер шұғыл эвакуацияланып, кейбір шабуылдар кезінде зардап шеккендер болмаған. Компания арнайы қызметтермен бірлесіп, салдарды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ал бұған дейінгі Котовск пен Электростальдағы шабуылдардан кейін Татьяна Ким қаза тапқан қызметкерлердің отбасына көмек көрсетілетінін, жараланғандарға қажетті қолдау берілетінін мәлімдеген.

Қазақстандық кәсіпкерлерге қандай зиян келді?

Wildberries қоймаларындағы оқиғалар Қазақстандағы мыңдаған сатушы үшін де ауыр салдарға әкелді. BAQ.KZ редакциясының сауалына жауап берген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, қазіргі уақытта барлық өңірде зардап шеккен кәсіпкерлер туралы ақпарат жинақталып жатыр.

Палатаның алдын ала дерегіне сәйкес, ECOMMERCE-KZ электронды сауда кәсіпкерлері қауымдастығына мүше 100-ден астам кәсіпкердің тауары бүлініп не жойылып, жалпы шығын көлемі 1 миллиард теңгеден асты.

Қазіргі таңда өңірлік кәсіпкерлер палаталары, жергілікті атқарушы органдар және салалық қауымдастықтармен бірлесіп зардап шеккен сатушылардың толық тізімі мен нақты қаржылық шығын көлемі нақтыланып жатыр.

Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігіне ресми хат жолдап, мемлекетаралық тетіктерді пайдалану арқылы отандық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және өтемақы алу рәсімдерін жеделдетуді ұсынған.

Бұдан бөлек, министрлікке Wildberries басшылығы, мемлекеттік органдар, «Атамекен» және кәсіпкерлер қатысатын арнайы жұмыс тобын құру ұсынылды. Оның мақсаты – келтірілген залалды бағалау, өтемақы төлеу алгоритмін әзірлеу және зардап шеккен кәсіпкерлерге құқықтық көмек көрсету.

Бұл Ресей экономикасына да соққы болуы мүмкін

Wildberries-ке жасалған шабуылдардың салдары тек жеке компаниямен шектелмейді. Сарапшылардың айтуынша, Wildberries Ресейдегі онлайн сауда нарығының шамамен 45%-ын бақылайды. Ал Ozon-ның үлесі шамамен 30%.

Ozon жариялаған қаржылық есепке сәйкес, компанияның 2025 жылғы айналымы 4,16 триллион рубль болған. Осы көрсеткіштерді негізге алған тәуелсіз сарапшылар Wildberries пен Ozon-ның жиынтық тауар айналымы 10 триллион рубльден кем емес деп есептейді. Бұл Ресейдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 5%-ына тең.

Сондықтан логистикалық инфрақұрылымға жасалған жүйелі шабуылдар тек тауар жеткізу тізбегін бұзып қоймай, электронды коммерцияның тұрақтылығына және мыңдаған кәсіпкердің қызметіне әсер етуі мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Wildberries қоймаларын Қазақстанға ауыстыра ма деген сауалға Сауда министрлігі жауап берген еді.