5 Қараша 2026, 17:02 Фото: gov.kz

«WhatsApp-тан жазған»: Ақтөбеде зейнеткер 15 млн теңгесінен айырылып қалды

Алаяқтар қарияны ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.

Ақтөбеде 76 жастағы зейнеткер өзін ХҚКО мен ҰҚК қызметкері ретінде таныстырған алаяқтардың арбауына түсіп, 15 миллион теңгеге жуық ақшасынан айырылды. Полиция бұл дерек бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, зейнеткерге WhatsApp мессенджері арқылы белгісіз адам қоңырау шалып, өзін ХҚКО қызметкері ретінде таныстырған. Ол алаяқтар зейнеткердің жеке деректеріне қол жеткізгенін айтып, ақшасын қорғау үшін шұғыл шара қабылдау қажет екеніне сендірген.

Көп ұзамай оған өзін ҰҚК қызметкерлері ретінде таныстырған тағы бірнеше белгісіз адам хабарласқан. Олар зейнеткерге ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға кеңес берген.

Қоңырау шалғандарға сенген қария депозитінен 14 миллион 800 мың теңгені шешіп алып, алаяқтар көрсеткен шотқа аударған.

Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қылмысқа қатысы бар адамдарды табу үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ақтөбе облысының полиция департаменті азаматтарды қарт туыстарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, осындай алаяқтық схемалары туралы ескертуге шақырды.