9 Қыркүйек 2026, 18:08 Фото: Polisia.kz

WhatsApp-та жалған хабарландыру беріп, 13 млн теңгені қарумен тартып алған үш адамға үкім шықты

Сот қару қолдана отырып жасалған қарақшылық туралы іс бойынша үкім шығарды.

Жамбыл облысында WhatsApp-та ұсақ мал сатамыз деп жалған хабарландыру беріп, 13 млн теңгені қарумен тартып алған үш адамға үкім шықты.

Не болды?

Анықталғандай, 2025 жылғы желтоқсанда сотталушылар қарақшылық жасау мақсатында «WhatsApp» мессенджерінде ұсақ малды шұғыл сату туралы жалған хабарландыру орналастырып, мекенжайын көрсеткен. Алдын ала атыс қаруымен қаруланған олар Т.Рысқұлов ауданының аумағында келген үш сатып алушыны (жәбірленушілерді) күтіп алған.

Сотталушылар атыс қаруын қолдана отырып, 13 млн теңгені ашық иемденіп, жәбірленушілердің бірінің денсаулығына жеңіл зиян келтіріп, оқиға орнынан бой тасалаған. Жәбірленушілерге 13 млн теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілген.

Сотта олардың кінәсі тараптар мен куәлардың айғақтарымен, мамандар мен сарапшылардың қорытындыларымен, сондай-ақ заттай дәлелдемелермен дәлелденді.

Қандай жаза тағайындалды?

Прокурор бұрын сотталған сотталушың біреуіне – 12 жыл, екіншісіне – 11 жыл, ал үшінші адамға – 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жәбірленушілер сотталушыларды кешіріп, жазаны соттың қарауына қалдырды, азаматтық талап қою арыздарын мәлімдемеді.

Сотталушылардың екеуі кінәларын ішінара мойындады, ал тағы біреуі кінәсін мойындамады.

Сот екі сотталушыға қатысты кінәні ішінара мойындауын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Ал тағы бір сотталушыға қатысты соттылығының болуын жазаны ауырлататын мән-жай деп таныды.

Сот үкімімен сотталушының бірі қылмысты ұйымдастырудағы бастамашы ретіндегі рөлін ескере отырып, 2019 жылғы сот үкімі бойынша өтелмеген жазаның қалған бөлігімен жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті 12 жыл, тағы бір сотталушыға түпкілікті 11 жыл, үшінші сотталушыға түпкілікті 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - деп хабарлады Жамбыл облысының ҚІжМАС баспасөз қызметі. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін «жеке деректерді жариялаймын» деп қорқытқан Астана тұрғыны жазаланды.

Тағы оқи отырыңыз: 

Ақтөбеде 2 миллион теңге бопсалады деген күдікпен үш адам ұсталды

ШҚО-да сотталғандар «қамқорлық» көрсетеміз деп жаңадан түскен тұтқындардан ақша бопсалаған

Түркістандағы контрабанда: 200 млрд теңгені заңсыз шетелге шығармақ болғандар анықталды