12 Наурыз 2026, 14:35 Фото: pixabay

WhatsApp-та ата-аналарға ұнайтын жаңа функция пайда болады

Енді ата-ана баланың кіммен хат алмаса алатынын бақылай алады.

WhatsApp мессенджерінде балаларға арналған арнайы аккаунттар пайда болады. Олар ата-аналарға байланыс баптауларын басқаруға және баланың кіммен хат алмаса алатынын бақылауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл жаңалық туралы әзірлеушілер WhatsApp-тың ресми блогында хабарлады. Баптаудан кейін қосымшаның кейбір мүмкіндіктері шектеледі. Балада негізінен чаттар мен қоңыраулар ғана қалады, ал кейбір функциялар мен контент қолжетімсіз болады.

Ата-аналар қарым-қатынастың негізгі параметрлерін басқара алады. Мысалы:

  • кімнің есептік жазбамен байланыса алатынын шешуге;

  • қандай топтарға қосылуға болатынын таңдауға;

  • белгісіз контактілерден келген хабарлама сұрауларын қарап шығуға;

  • есептік жазбаның құпиялылық баптауларын басқаруға мүмкіндік береді.

Бала баптауларды өз бетінше кері қайтара алмайды. Қауіпсіздік жүйесіндегі кез келген өзгеріс үшін тек ата-анасы білетін 6 таңбалы құпия сөз талап етіледі.

Ата-аналық бақылауды белсендіру үшін екі құрылғы - баланың телефоны мен ата-ананың смартфоны қажет болады. Осыдан кейін оларды өзара байланыстыру керек. WhatsApp-та ата-аналық есептік жазбаны баптау үшін:

  • баланың телефонына WhatsApp орнату;

  • тілді таңдап, «Келісемін және жалғастыру» түймесін басу;

  • қосымша параметрлерден «Ата-ана басқаратын есептік жазбаны жасау» бөлімін таңдау;

  • баланың телефон нөмірін тіркеп, оның туған күнін көрсету;

  • QR-кодты сканерлеу арқылы баланың телефонын өз құрылғыңызбен байланыстыру;

  • 6 таңбалы ата-аналық PIN-кодты жасап, баптауды аяқтау қажет.

Бұл жаңа функция алдымен жекелеген елдерде, содан кейін біртіндеп бүкіл әлемдегі пайдаланушыларға қолжетімді болады.

Еске салайық, бұған дейін WhatsApp жаңа редизайнды сынақтан өткізіп жатқаны хабарланды.