WhatsApp қолданушыларына ескерту: Жаңа киберқауіп пайда болды

Полиция қызметкерлері азаматтарды WhatsApp мессенджеріне қатысты жаңа киберқауіп туралы ескертеді. Енді кибералаяқтар ”GhostPairing” деп аталатын жаңа қылмыстық схеманы қолдануда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Абай облысының ПД баспасөз қызметі мәлім еткендей, бұл әдіс парольдарды бұзуды, SIM-картаны ауыстыруды немесе күрделі техникалық шабуылдарды қажет етпейді. Алаяқтар WhatsApp-тағы «қосымша құрылғыларды байланыстыру» заңды функциясын пайдаланып, жәбірленушінің аккаунтына қол жеткізеді.

Алаяқтық схемасының сипаты:

- Пайдаланушыға «Facebook» немесе «WhatsApp» атынан жалған хабарлама жіберіледі.

- Хабарламада ресми сервистердің интерфейсін визуалды түрде қайталайтын фейк-парақшаға сілтеме беріледі.

- Аталған парақшада телефон нөмірі мен растау кодын енгізу сұралады. Осы мәліметтерді енгізген сәттен бастап, қаскүнем жәбірленушінің аккаунтына сенімді құрылғы ретінде қосылып, толық қолжетімділікке ие болады.

Нәтижесінде алаяқтар:

- хат алмасуларды оқи алады;

- медиафайлдарды көре алады;

- байланыстар тізіміне қол жеткізеді;

- жәбірленуші атынан хабарлама жібере алады.

Бұл ретте жәбірленушінің телефоны әдеттегідей жұмыс істей береді және күдік тудырмайды.

Аккаунттың бұзылғанын анықтаудың жалғыз жолы – WhatsApp қосымшасындағы «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін тексеру. Белгісіз құрылғы анықталған жағдайда, оны дереу жою қажет, - делінген ПД хабарламасында. 

Киберқауіпсіздік бойынша ұсынымдар:

- белгісіз хабарламаларға, қоңырауларға және ескертулерге сақтықпен қараңыздар;
- WhatsApp растау кодын бөгде сайттар мен парақшаларға енгізбеңіздер;
- қосымшадан тыс жерде код сұрау – әрқашан алаяқтық белгісі;
- екі факторлы аутентификацияны қосыңыздар;
- аккаунт белсенділігін тұрақты тексеріп отырыңыздар;
- қорғаныш бағдарламалық қамтамасыз етуді қолданыңыздар.

Еске салайық, бұған дейін ChatGPT-ге айтуға болмайтын 5 нәрсе туралы жазған болатынбыз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы