WhatsApp пен желі арқылы мазалау: Полиция сталкинг деректерін тексеріп жатыр

Павлодар облысының полициясы сталкинг фактілері бойынша төрт қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желілер мен цифрлық коммуникациялардың қарқынды дамуы нәтижесінде тек қарым-қатынас форматы ғана емес, қылмыстың сипаты да өзгеруде. Бүгінгі таңда ең алаңдататын мәселелердің бірі - сталкинг, яғни адамның заңсыз қудалануы, көбіне онлайн кеңістікте басталып, кейін жеке қауіпсіздік тұрғысында нақты қауіпке айналуы мүмкін, - дейді Павлодар облысының ПД баспасөз қызметі. 

Полиция мәліметінше, сталкинг - бір адамның екіншісіне қатысты қайталанатын, қажетсіз әрекеттерінің жиынтығы. Оған қудалау, қажетсіз байланыстар мен сыйлықтар жатады. Көбінесе құрбан болатын әйелдер, ал қудалаушылар — бұрынғы немесе қазіргі серіктестері болуы мүмкін. 

Полиция мәліметі бойынша, осындай оқиғалардың бірі Ақсу қаласында болған.

Таныс емес бір ер адам ұзақ уақыт бойы әлеуметтік желілерде әртүрлі жалған аккаунттар жасап, қыз туралы жалған ақпарат таратып, оған интимдік қызмет көрсететіндей ақпарат таратқан, сондай-ақ әртүрлі нөмірлерден қорқыту хабарламаларын жіберген, - делінген полиция хабарламасында.

Ұқсас жағдай Павлодар қаласында да болған. 29 жастағы ер адам әлеуметтік желілер арқылы қызды заңсыз қудалаған.

Сондай-ақ, Екібастұзда бір әйелдің бұрынғы күйеуі WhatsApp мессенджері арқылы қорқытып жүрген. 

Тағы бір Екібастұз тұрғыны алты ай бойы таныс ер адам оны әлеуметтік желі арқылы заңсыз қудалап жүргенін айтып полициядан көмек сұраған.

Сталкинг фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық күдіктілер анықталып, полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Әркім түсінуі керек: Бұл ойын емес, жеке шекара мен қауіпсіздікті бұзу — қылмыс. Ешкім азаматтардың жеке өмірін немесе қадір-қасиетін бұзбауы тиіс. Желіде қудалау мен қорлау әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін, — деп хабарлады Павлодар облысы ПД басшысының орынбасары Сафуан Жампейсов.

Еске салайық, бұған дейін Семейде сталкингке қатысты шу шығып, жұртты шошытқан қыз психиатриялық ауруханаға жатқызылған болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы