WhatsApp миллиондаған аккаунтты бұғаттады
WhatsApp бүкіл әлем бойынша алаяқтықпен байланысты 6,8 миллион аккаунтты жойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі independent-ке сілтеме жасап.
Компания өкілдері күмәнді хабарламаларға жауап бермеуге шақырды.
WhatsApp мессенджері бүкіл әлем бойынша қылмыстық "шошқа сою" схемаларына қатысы бар 6,8 миллионнан астам аккаунтты өшірді. Бұл алаяқтық түрі - адамдармен сенімді қарым-қатынас орнатып, оларды криптовалюта немесе инвестициялық жобаларға ақша салуға итермелеу арқылы алдау әдісі.
Мұндай қылмыстық орталықтар негізінен Мьянма, Камбоджа сияқты Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде әрекет етеді. Көп жағдайда олар адамдарды "жұмыс ұсынамыз" деп алдап шақырып, виртуалды құлдыққа салып, интернет арқылы алдау схемаларын жүргізуге мәжбүрлейді.
Алаяқтық қалай жүзеге асады?
Алаяқтар алдымен хабарлама немесе танысу қосымшасы арқылы байланысқа шығады. Кейін WhatsApp не Telegram сияқты жекелей мессенджерлерге ауысып, сенімділік орнатады. Ақыры, жәбірленушіден криптовалюта арқылы ақша салуды сұрайды.
Бір мысалда, OpenAI алаяқтардың алғашқы хабарламаны ChatGPT көмегімен жазып, WhatsApp сілтемесін жібергенін анықтаған. Содан соң олар Telegram-ға өтіп, TikTok-та видеоларға лайк қою арқылы ақша табуды ұсынған. Кейін “келесі қадам” ретінде крипто-аккаунтқа ақша салуды талап еткен.
Meta компаниясы бұрын Мьянма, Лаос, Камбоджа, БАӘ және Филиппин елдерінде орналасқан осындай схемалармен байланысты 2 миллионнан астам аккаунтты жойған болатын.
Біз алаяқтық орталықтарды аккаунттарды белсенді қолдана алмай тұрғанда анықтап, оларды алдын ала жойдық. Күмәнді немесе бейтаныс нөмірден келген, тез табыс ұсынатын хабарламаларға жауап берер алдында тоқтаңыз, ойланыңыз және тексеріңіз, - деп жазылған WhatsApp-тың ескерту хабарламасында.