WhatsApp аккаунтын ақшаға тіркеу қылмыстық іске әкелуі мүмкін
Полиция өз нөміріне мессенджер аккаунтын ашып, оны басқа адамға сыйақы үшін берудің алаяқтық схемасының бір бөлігі болуы ықтимал екенін ескертті.
Мұндай схемаларға «активаторлар» деп аталатын адамдар қатысады. Олар мессенджерлерде аккаунт ашып, кейін оған қолжетімділікті үшінші тұлғаларға береді. Ал алаяқтар бұл аккаунттарды азаматтарға қоңырау шалу және заңсыз әрекеттер жасау үшін пайдаланады. Бұл туралы Қазақстан Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Сонымен қатар мұндай қосымша табыс табуға келіскен адам өзі тіркеген аккаунттың шын мәнінде қандай мақсатта қолданылатынын білмеуі мүмкін.
Бұған дейін ІІМ мұндай схемаларға кәмелетке толмағандардың да тартылатынын ескерткен. Олар ақшалай сыйақы үшін SIM-карталарды белсендіріп, аккаунттар тіркейді. Кейін бұл аккаунттар қаскөйлердің қолына өтеді.
Ведомствоның ескертуінше, мұндай әрекеттерге саналы түрде қатысу қылмысқа көмектесу ретінде саралануы мүмкін.
Алаяқтық схеманың қатысушысы болып қалмау үшін полицейлер бейтаныс адамдарға беру мақсатында аккаунт тіркемеуге, жеке аккаунттарына үшінші тұлғалардың қол жеткізуіне жол бермеуге және оңай табыс табуға уәде беретін күмәнді ұсыныстарға келіспеуге кеңес береді.
Сондай-ақ ата-аналарға жасөспірімдерге қатысты мұндай ұсыныстарға ерекше назар аудару ұсынылады. Балаларға өз нөмірлеріне тіркелген аккаунттарды бөгде адамдарға берудің құқықтық салдары ауыр болуы мүмкін екенін түсіндіру маңызды.