Үкіметтер өзінің бизнес-моделін қайта ойлау керек – WGS
Астана, BAQ.KZ. Әлемнің 15-тен астам елінен жиналған мемлекеттік өкілетті орган жетекшілері, халықаралық сарапшылар постсоциалистік елдердегі мемлекеттік басқарудағы реформаларды ғана емес, заманауи трендтер мен инновацияларды да талқылады. Астана мемлекеттік қызмет хабы конференциясы Дубайда VII Дүниежүзілік үкіметтік саммит (WGS 2019) аясында өтті.
Астана хабы басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов қоғамның технологиялық жағынан ілгерілеуі мен цифрлануы бүкіл әлемде басқару жүйелеріне талаптарды күшейтетіндігін айтты. «Жаһандану және ақпараттық технологиялар дамуы мемлекеттік қызмет алдына жаңа сынақтар қояды. Басқа елдерде қолданылатын шешімдерді салыстыру әрі бағалау мүмкіндігі арқылы азаматтар мейлінше ақпаратқа ие», - деді Байменов. Осыған байланысты ол «үкіметтер тиімді шешімдер іздейді, бұл әсіресе соңғы үш онжылдықта тереңдігі мен қарқыны әрқилы әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың бірегей жолымен өткен біздің аймақ үшін аса маңызды. Сонымен қатар барлық күш-жігеріміз елдің әл-ауқаты мен азаматтардың бақытын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс», - деді.
Министрлер кабинеті істері мен Біріккен Араб Әмірліктері болашағы жөніндегі министрі әрі Дүниежүзілік саммит төрағасы Мұхаммед Абдулла Аль-Гергави жеке сектормен бәсекеге түсуі үшін үкіметтердің трансформациясы қажеттігін жеткізді. «Жеке сектор тұтынушыларын жоғалтып алмау үшін өздерінің үздік қызметтерін ұсынуға тырысады. Мемлекеттік сектор тұтынушыларға әрдайым қажет болатындығы туралы ойлауға бейім. Осыдан үлкен мәселелер туындайды. Үкіметтер өздерінің бизнес-моделін қайта жасайтын уақыт келді», - деді Аль-Гергави.
Корея Республикасы Персоналды басқару экс-министрі, профессор Пан Сук Ким мен ЭЫДҰ Мемлекеттік қызмет реформасы бөлімі басшысы Эдвин Лау мемлекеттік басқарудағы жаһандық үрдістер мен халықаралық бенчмаркинг бойынша өз ойларын ортаға салды.
Астана халықаралық қаржы орталығы басқарушысы Қайрат Келімбетов «мемлекеттік қызмет ашық, озық тәжірибе қабылдайтын, әрі халықаралық болуы тиіс» деп есептейді.
Өз елдеріндегі мемлекеттік қызмет реформасы тәжірибесімен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы Алик Шпекбаев, Грузия Мемлекеттік қызмет бюросы директоры Екатерина Кардава, Украина Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі ұлттық агенттігі басшысы Костянтин Ващенко, Македонияның ақпараттық қоғам мен әкімгершілік министрлігі Мемлекеттік хатшысы Яхи Яхия бөлісті.
Конференцияға бұрынғы посткеңестік елдер, Еуропа, Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Америка елдерінің мемлекеттік қызметкерлері, сарапшылары мен ғалымдары, сондай-ақ халықаралық ұйым өкілдері қатысты.
Биыл Дүниежүзілік мемлекеттік басқару саммитіне 150 елден 4 мыңнан астам қатысушы жиналды, оларың арасында мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ 30 халықаралық ұйымның жоғары лауазымды өкілдері де бар. Бұл саммит – мемлекеттік қызмет, мемлекеттік басқару және инновация саласындағы болашақ үрдістерді көрсететін ең ірі ғаламдық платформа.