WADA президенті Ұлттық спорт университетінің құрылыс барысымен танысты
Қазақстанға ресми сапармен келген Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) президенті Витольд Банька Астанада салынып жатқан Ұлттық спорт университетінің құрылысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Аталған нысан – спорт саласындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Ол көпсалалы білім беру және ғылыми орталық ретінде қызмет етпек. Университет құрылысының аяқталуы биылғы жылдың соңына жоспарланған. Жоба Мемлекет басшысының спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа университеттің инфрақұрылымы үздіксіз білім беру жүйесін қамтиды. Мұнда ғылыми-зерттеу және медициналық-сауықтыру орталықтары, колледж ғимараты, стадион, 1000 орындық жатақхана, жабық жеңіл атлетика манежі, олимпиадалық бассейн, спорт кешені және оқытушыларға арналған тұрғын үй корпусы салынуда.
Құрметті мейман құрылыс барысына жоғары баға беріп, болашақта бұл оқу ордасынан тек Қазақстанның ғана емес, әлемдік спортты дамытатын жаңа буын спортшылар мен мамандар шығатынына сенім білдірді.