ВТБ Банк (Қазақстан) ЕО санкцияларындағы өзгерістерге түсініктеме берді
ВТБ Банк (Қазақстан) BAQ.KZ тілшісі жолдаған сауалға жауап бере отырып, Еуропалық одақ енгізген санкцияларға қатысты өзгерістер елдегі банк жұмысына әсер етпейтінін мәлімдеді.
Банктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қаржы ұйымы тұрақты көрсеткіштерін сақтап отыр және өз қызметін қалыпты тәртіпте жалғастырады.
ЕО санкцияларының тұжырымдамаларына енгізілген нақтылаулар ВТБ (Қазақстан) қызметіне әсер етпейді. Банк жоғары өтімділік пен капитал деңгейін сақтап отыр және ВТБ Тобы стратегиясы аясындағы міндеттерді жүзеге асыра отырып, Қазақстан заңнамасының барлық талаптарын сақтай отырып, жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсетуді жалғастырады, - делінген баспасөз қызметі ұсынған жауапта.
Бұған дейін Еуропалық одақ ресейлік қаржы құрылымдарына қарсы қолданыстағы санкциялардың тұжырымдарына нақтылау енгізген.
ВТБ (Қазақстан) халықаралық ВТБ тобының құрамына кіреді және ел аумағында жеке және корпоративтік клиенттерге қызмет көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев аталған санкцияға қатысты пікір білдірді.