Вомбаттың күшігін енесінен айырған блогер елден қуылады

Америкалық блогер Сэм Джонс вомбаттың күшігін енесінен айырып алып, видеоға түсірген. Осы әрекеті үшін басы дауға қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі News Australia басылымына сілтемесе жасап.

Видеода Джонс вомбаттың күшігін алып, көлікке қарай жүгіріп бара жатқаны көрсетілген. Осы сәтте енесі – вомбат баласының артынан қуып жетуге тырысып баққан.

Мына енесіне қараңдаршы, ол оны қуып барады, – дейді блогердің серігі.

Блогер вомбаттың күшігін түсірген сәтте оның қорқып, ысылдап, қолынан шығуға тырысқаны анық естіліп тұр. Біраз уақыт өткен соң Джонс жануарды жол жиегіне қалдырып кеткен, алайда видеодан енесі мен баласының қайта қосылып алғаны-алмағаны белгісіз.

Оқиға қоғамдық резонанс тудырған соң, Джонс видеоны өшіріп, парақшасын жапқан. Бірақ ролик интернетте кең таралып, оған Австралия премьер-министрі Энтони Альбанезе өз реакциясын білдірді. Ол блогерге "нағыз қарсыласа алатын жануарлармен де осылай жасап көруге" кеңес берді.

Крокодилдің баласын енесінен тартып алыңыз да, не болатынын көріңіз, – деді премьер-министр америкалық блогерге.

Австралиялықтар блогерді елден шығаруды талап етіп жатыр

BBC мәліметінше, австралиялықтар блогердің әрекетіне қатты наразы. Тіпті, оны елден депортациялауды талап ететін петиция жасалды. Табиғатты қорғаушылар "блогердің сұмдық әрекеті вомбаттарға үлкен зиян тигізуі мүмкін" деп дабыл қағуда.

BBC атап өткендей, Австралияда вомбаттар заңмен қорғалған жануарлар саналады. Мамандардың айтуынша, вомбаттың күшіктері енесімен ерекше тығыз байланыста болады, сондықтан кез келген ажырау олар үшін өте ауыр және зиянды болуы мүмкін.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы