Волонтерлер қатары коронавирус кезінде көбейді – дәрігер
Астанада АӨСШК жастар кеңесі аясында волонтерлар слеті өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Екі күнге жоспарланған слетті ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің хатшылығымен бірлесіп, АӨСШК Жастар кеңесінің қолдауымен ұйымдастырған.
Волонтерлер слетінің “Денсаулық сақтау саласындағы волонтерлердің рөлі” панельдік сессиясына қатысқан реабилитолог дәрігер Латиф Парпиев еріктілікке қандай үлес қосып жатқанын айтты.
Өзім реабилитация жөнінде еріктілік жасаймын. Сол ДЦП және басқа да диагнозбен ауруға шалдыққан балаларды емдеймін. Ата-аналарға, дәрігерлерге, медбикелерге реабилитацияны үй жағдайында және ауруханада қалай дұрыс жасауды үйретіп келемін, – деді ол.
Дәрігер жұмысынан тыс уақытта ДЦП балалары бар ата-аналарға тегін онлайн кеңестер беріп, YouTube-қа сабақтар түсіретінін айтты.
Балаларға тегін ем тағайындаймын және онлайн сабақтарым арқылы ата-аналар өздері үйінде балаларға көмек бере алады. Себебі дәрігер жарты-бір сағат жұмыс істеуі мүмкін. Ал ата-ана 24 сағат баламен үйде болған соң, жаттығу және басқа жұмыстар жасаса, ол балалардың емі жақсырақ болып, тезірек емделіп кетуі мүмкін, – деді дәрігер.
Ол волонтерлардың көбею себебі коронавирус болғанын айтады. Еріктілердің жұмысы насихатталған видеолар арқылы командасындағы еріктілер саны 30 адамнан 300-ге жуықтағанын жеткізді.
Волонтерлар слеті еріктілер жұмысының сапасын жақсартып, шетелдіктермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, – деді Латиф Парпиев.