Волонтерлер елордалықтарға вакцинацияның маңыздылығы туралы буклеттер таратты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық еріктілер коронавирусқа қарсы вакцинацияның маңыздылығы мен тиімділігі, иммундауға қалай дайындалу керектігі туралы қадамдық нұсқаулық бар буклеттер таратты. Кезекті акция қаланың автобустары мен аялдамаларында өткізілді деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Акцияны елордалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ және қалалық Волонтерлер штабы ұйымдастырды.
Олар КВИ таралуын тоқтатудың және қаладағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырудың жалғыз дұрыс жолы – вакцинация арқылы ұжымдық иммунитетті дамыту екенін еске салды.
Еріктілер «Астаналық базар» СҮ аялдамасы маңайында бас қосты.
Біз бұл буклеттерді екінші рет таратып отырмыз. Өткен акция барысында біз 1,5 мыңға жуық данасын тараттық. Акция елорданың барлық СОО-ларында өтті. Жақында біз Байқоңыр ауданы әкімдігімен бірлесіп парақшалардың екі түрін тараттық. Біреуінде вакцинацияның маңыздылығы, шағын және орта бизнестің Ashyq-қа ауысуы туралы мәліметтер болса, екіншісінде осы бағдарламаны қалай ашуға болатыны туралы қадамдық нұсқаулық көрсетілген. Біз үш күн бойы парақшалар тараттық, бағдарлама қолданбайтын мекемелерді араладық, – деді волонтер Айгүл Жұмабаева.
Олжас Хамитовтің волонтерлік тәжірибесі – шамамен 5 жыл. Университетте оқып жүрген кезінде ол мүгедек жандарға, қарттарға көмектесіп тұратын.
Мен басқаларға көмектескенді ұнатамын, өзгелерді қуантуды, олардың бақытты жүзін көргенді ұнатамын. Бұл ауыз толтырып айтарлықтай көмек болмауы мүмкін, бірақ одан алар ләззатты айтып жеткізе алмаймын. Қазір пандемия кезінде көптеген адам қолдауға да, көмекке де мұқтаж. Өкінішке қарай, бәрі бірдей өз әрекетімен қоршаған ортаға зиян тигізетінін түсінбейді. Кейбірі вакцинациядан бас тарту арқылы аурудың үдеуіне, тіпті біреудің өліміне себеп болып жатады. Мен вакцинаны жаңадан басталған кезде алдым, - деді Олжас.
Айта кету керек, вакцина ең алдымен аурудың ауыр ағымынан және өлімнен қорғайды. Халықты вакцинациялау – бұл қоғамның әрбір мүшесінің денсаулығын қорғау.
Волонтер Дамир Айтымов вакцинацияның маңыздылығы туралы ақпараттық буклеттерді тарату акциясы бүгінгі күннің қажеттілігі екенін атап өтті.
Мен 2017 жылдан бері волонтер болып келемін. Қасымдағы достарымның бәрі ЭКСПО көрмесінде волонтер болды. Олар мені «Астана жастарының» қатарына қосты. Мен үшін адамдарға риясыз көмектесу, түрлі оқиғалардың басы-қасында болу өте маңызды. Ол кезде іс-шаралар өте көп болды. Бір күнде үш жиын өткен күндер болды. Пандемия келгенде мұқтаж адамдарға азық-түлік таратуды бастадық. Коронавирустық вакцинаны қалай жеңуге болатыны туралы буклеттер тарату – өте маңызды. Вакцинация арқылы өз денсаулығын да, өзгелерді де қорғайтынын бәрі бірдей түсіне бермейді. Мен вакцинаны екі ай бұрын алдым. Коронавирус салдарынан менің ортамдағы бойжеткен қайтыс болды. Егер ол вакцинаны уақытында алғанда, тірі болар еді деп ойлаймын, – деді Дамир Айтымов.