Волонтерлар індет кезінде ештеңемен санаспай, адал жұмыс істеді – ерікті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Волонтер жылының» жабылуына байланысты өтіп жатқан Халықаралық онлайн конференцияда «Birgemiz: Saulyk» жобасының амбассадоры, ерікті Арман Қасымов айтып берді.

Ерікті конференция барысында волонтерлыққа қалай келгені туралы баяндады. 

2008 жылдан бері Атырау облыстық жедел жәрдем медициналық стансасында ерікті болып қызмет атқарып келемін. Сол жылы 18 жасымда ол жерге ерікті болып баруымызға көп себеп болды. Өз қалама, қала, облыс  тұрғындарына сәл де болса өз үлесімді қосқым келді. Сондай-ақ, облыстың, қаланың жедел жәрдем стансасының дамуына, жұмысын арттыруына үлесімді қосқым келді. Менің медициналық білімім болмады. Сол жерде жұмыс істейтін дәрігерлердің медициналық білімді қажет етпейтін тапсырмаларын орындап жүрдім. Мысалы, құжаттарды толтыру, санитарлық көлікті жуу, дөңгелегін ауыстыру сияқты қарапайым тапсырмаларды орындадым, - дейді ол. 

Ерікті сол кезде жасаған жұмысымыз кішкентай болса да көмекке мұқтаж жандарға көмегін тигізді деп ойлағанын айтты. 

2008 жылдан бері көптеген жұмыс жасалды. Волонтерлар саны да көбейе бастады. Алғашқы жылы волонтер жалғыз өзім болсам, қазір олардың саны айтарлықтай артты. Арамызда медицина қызметкерлері, фотографтар, құжаттарды толтыруға көмектесетін азаматтар да бар. Яғни әртүрлі жұмысты жасап жүрген түрлі саланың мамандары бос уақыттарында келіп, жедел жәрдем жұмысының жақсаруына қол ұшын тигізіп жатыр, - деп айтты Арман Қасымов. 

«Birgemiz» жобасы аясында «Birgemiz: Saulyk» жобасы жүзеге асырылып жатыр.  

Оның сөзінше, бағдарлама аясында республиканың Алматы, Қызылорда және Петропавл қалаларында еріктілерге көмектесу және кеңес беру орталықтары құрылды. Сонымен қатар, 14 облыста волонтерларға көмек көрсету және кеңес беру кеңселері ашылды.  

«Birgemiz: Saulyk» жобасы аясында 1 258 ерікті қызмет атқарып келеді. 

Індет кезінде көптеген жұмыс атқарылды. Волонтерларымыз провизорлық стационарларда қызмет атқарды. Ауыр кислородты баллондар көтерді. Сондай-ақ, дәрігерлер мен медбикелерге қажетті көмектерін көрсетті. Ал екінші топтағы волонтерлар дәрігерлердің үйлерінде қалған балаларына көмектесті. Үшінші топ еріктілер онкология диспансерінде қызмет атқарды. Сонымен қатар, олар облыс, қала тұрғындарына консультация, кеңес берумен айналысты, - дейді волонтер. 

Ол «Birgemiz: Saulyk» жобасы аясында волонтерлар денсаулық саласына айтарлықтай үлес қосқанына сенімді екенін айтты. 

Волонтердың бәріне өз алғысымды білдіргім келеді. Індет кезінде уақытпен, ештеңемен санаспай, адал жұмыс жасағандарына көзім жетті, - деп өз сөзін түйіндеді Арман Қасымов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы