"Волонтер жылы" жастарға арналған жылдың жалғасы іспетті

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгіннің өзінде Жамбыл облысында түрлі бағыттағы волонтерлік қозғалыстар мен ұйымдар бар. Олардың әрқайсысы өз бағыттары бойынша бірқатар шаруаны атқарып үлгерген. Бұл туралы облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа айтты.

Мәселен, мұқтаж жандарға, жетім-жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы, жалғыз басты аналарға және сол секілділерге халықтың демеуімен баспана алып беру бағытында "Харекет" қайырымдылық қоры жұмыс істейді. Ал "Қайырымды жандар" ұйымы жалғызілікті қарттар мен жетім-жесірлерге, аса ауыр халдегі ауру балаларға жәрдем береді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың дарынды балаларының қосымша білім алуына жағдай жасау бағытында "Жарқын болашақ" жобасын, аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтитын "Ақ дастархан" жобасын, мұқтаж отбасыларды қатты отынмен қамтамасыз ету бойынша "Жылу сыйла" жобасын, тағы басқа қайырымдылық шараларын жүзеге асырып жүрген "Өркен Ниет" қоғамдық қорының да белсенділігі жоғары. Мұқтаж отбасыларды киім-кешекпен, тұрмыстық заттармен, азық-түлікпен қамтитын "Қамқор" волонтерлік-қайырымдылық жобасын ерекше атап айту керек, - деді С.Берікқожа.

Оның сөзіне қарағанда, былтыр да жамбылдық волонтерлардың әлеуеті қайырымдылыққа, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған. Ал бүгінде өңірде 2 мыңға жуық еріктілер дерекқоры жасалыпты. Бұл жұмыстарды жүйелеу мақсатында жергілікті әкімдіктің қаулысымен "Қамқор" волонтерлік-қайырымдылық жобасын іске асыру жөніндегі жоспар бекітілген.

Жоба аясында 1800 волонтер облыстағы 250 мыңға жуық отбасының үйлерін аралап, арнайы әзірленген әлеуметтік сауалнама толтырды. Барлық ерікті сауалнама толтыру әдісін оқып, үйренді. Толтырылған құжаттар арнайы әзірленген дерекқорға енгізілді. Анықталған мұқтаждықтар жан-жақты талқыланып, сараланып, облыстың әлеуметтік картасы әзірленді. Жобаны іске асыруға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша 15 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бұған Тараз қаласында үш "Qamqor" қайырымдылық дүкені ашылды, олар қажетті жабдықтармен толтырылды, - деді басқарма басшысы.

Одан бөлек, халық көп шоғырланған сауда орындарында 5 қайырымдылық жәшігі орнатылыпты. Ал өткен жылы аталған дүкендер арқылы сауалнама арқылы анықталған отбасыларға 4 тоннаға жуық киім-кешек таратылған. Бүгінгі таңға дейін "Qamqor" қайырымдылық дүкендері арқылы барлығы 912 отбасыға 2720 килограмм киім-кешек берілген.

Серікбол Берікқожа жергілікті жастар саясаты мәселелері басқармасы мен "Харекет" қайырымдылық қоры бірлесіп, 10 мұқтаж отбасын баспанамен қамтығандарын да айтты. Сонымен бірге осынша үйдің балаларына қажетті құжаттарын заңдастыру, оқу орнына орналастыру сынды қолдаулар көрсетілген.

Біздің еріктілеріміз бүгінде өңірдегі демеушілерді "Қамқор" жобасын жандандыруға тарту мақсатында түрлі шаралар, қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруда. Айталық, "Тәтті Себет" дүкендер желісінің демеушілігімен Тараз қаласындағы аз қамтылған 40 отбасыға гуманитарлық көмек көрсету үшін азық-түлік таратуға арналған бір күндік акция өткізді. Негізі, "Волонтер жылын" "Жастар жылының" жалғасы іспетті десе де болады. Сондықтан, волонтерлардың әлеуетін одан әрі жетілдіру, күш-жігерін қайырымдылыққа, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуге бағыттау мақсатында биылға 12 миллион теңге қаржы бөлу жоспарлануда. Енді біз өңірдегі барлық волонтерлік ұйымдар мен қайырымдылық қорлардың басын бір арнаға тоғыстырып, "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара" отырып нәтижеге бағытталған жұмыстарды бірлесе атқаруымыз керек. Бұл – барлығымыздың міндет, - деді С.Берікқожа.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы